Назарбаев: Тәуелсіздіктің ширек ғасыры - Еуразия жүрегіндегі Ұлы далада жазылған мың жылдық тарихтың жаңа дәуірі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәуелсіздіктің ширек ғасыры - Еуразия жүрегіндегі Ұлы далада жазылған мың жылдық тарихтың жаңа дәуірі. Бүгін елордада өтіп жатқан Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әлем халықтарының тарихына жүгінсек, жаңа мемлекет құру мәртебесі ұрпақтың ең ұлы буынына бұйырған екен. Осы бақытты буын бүгінгі заманауи қазақстандықтар, ұлы буын  - ол сіздер, қазақстандықтар. 25 жылда жүріп өткен ауыр да абыройлы жолымыздың мәні тұтас ғасырға тең деп айтуға болады. ҚР тәуелсіздігінің ширек ғасыры - Еуразия жүрегіндегі Ұлы далада жазылған мың жылдық тарихтың жаңа дәуірі. Біздің кең-байтақ даламыз - ғасырлар бойы сан алуан өркениеттерді тоғыстырған 9 жолдың торабы. Батыс пен Шығыс, Солтүстік пен Оңтүстік осында Ұлы Жібек бойында түйіскен. Қасиетті қазақ жерінің жылнамасы  - күллі адамзаттың тарихындағы талай-талай ұлы оқиғалардың шежіресі. Мұнда сан түрлі тайпалар мен халықтар, олардың құдіретті одақтары мен империялары пайда болып, асқақтаған. Мыңжылдықтар толқыны бізге сол заманның көптеген ғажайып жәдігерлері мен көне дәуірлердің теңдессіз мәдениеті жайлы көп тылсым жаңалықтарды жеткізді. Біздің Ұлы даламыз қазіргі түркі тілдес халықтардың бәрі өрбіген алып бесік іспетті», - деді Елбасы.

Қазақстан Президенті барша түркінің бабасы Алаш туралы аңыздар, Қорқыттың күмбірлеген күйлері, Күлтегін тастарындағы ескерткіштер бәрі-бәрі қазақ жеріне тікелей қатысы бар тұтас түркі руханиятының көне тамыры болып саналатындығын баса айтты. 

«Біз былтыр ұлы балаларымыздың рухына бас иіп, тарихи оқиғаның мерейлі белесін кең көлемде атап өттік. Сан ғасырлық тарихының қай кезеңінде де бабаларымыздың алды тұманды, болашағы күмәнді болып еді. Қуаты асқан кезде жер кеңіді, бірлігі қашқан кезде өрісі тарылды. Жердің шетіне қада қағып, мөр басып, атақонысын біржолата иемдене алмады. Арманда кетті. Сан мыңдаған жылдар бойы ат үстінде жүріп, сайын даланы ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қолынан келгенше қорғады, қан төкті, тер төкті. Бірақ, дәуірдің барлық дауылынан қайыспай төтеп берді. Бұл біздің  халқымыз 20 ғасыр түгескен тұста Тәуелсіздікке жеткен, қайта жаңғырып, тұңғыш рет жаңа заманауи мемлекет - Қазақстан  Республикасын құруға ұлы жігер мен күш қуат алған тарихи жолымыз осы», - деді Назарбаев.