Назарбаев: Түркияның саяси тұрақтылығы мен тыныштығы Қазақстан үшін маңызды

Фото: None
АНКАРА. ҚазАқпарат - Бауырлас Түркияның ішкі саяси тұрақтылығы мен тыныштығы Қазақстан үшін өте маңызды. Бұл туралы бүгін Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ресми сапармен Түрік еліне шақырып, қонақжайлылық көрсеткендеріңіз үшін баршаларыңызға, ең алдымен Президент мырзаға шын жүрегіммен алғысымды айтамын. Бауырлас Түркияның ішкі саяси тұрақтылығы мен тыныштығы Қазақстан үшін өте маңызды. Режеп Тайип Ердоғанды биылғы маусымда жаңа жүйе бойынша өткен президенттік сайлаудағы айқын жеңісімен тағы да шын жүректен құттықтаймын», - деп атап өтті Елбасы.

Қазақстан Президенті сайлау нәтижесі түркі халқы Президент Режеп Ердоғанның ерен еңбегін жоғары бағалап, жүргізіп отырған саясаты мен стратегиялық бағыттарын қолдап отырғандығын барлық дүниенің алдында көрсеткенін баса айтты.

«Барша қазақстандықтардың атынан Түркия басшылығының жаңа бастамаларына табыс, бауырлас түркі халқына бақ-береке тілеймін. Түркия Қазақстанның ең жақын әрі сенімді стратегиялық әріптестерінің бірі. Қазір ортақ тарих пен рухани мұраға негізделген қарым-қатынасымыз өрістей түсуде. Байланысымыз барлық салада ілгерілеп, дамып келеді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар