Назарбаев үндеуі - Қазақстан көшбасшысының стратегиялық теңгерімді әрі ілгерілемелі саясатының дәлелі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Нұрсұлтан Назарбаевтың елдегі мемлекеттік жүйені реформалау туралы үндеуі - Қазақстан көшбасшысының стратегиялық теңгерімді әрі ілгерілемелі саясатының кезекті дәлелі бола алады. Бұл пікірді ҚазАқпараттың Бішкектегі арнаулы тілшісі Мәдибек Жәнібековке «Дін, құқық және саясат» тәуелсіз сараптамалық орталығының директоры Қадыр Мәліков білдірді.

Сарапшының пайымынша, Назарбаевтың үндеуі Қазақстандағы саяси жүйені реформалаудың дер уақытында көтеріліп отырғандығы еш күмән тудырмайды.

«Қазақстан президенттік билік кезіндегі тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде экономикалық серпіліс жасады. Бұл қазіргі уақытта елдегі саяси құрылымды ауыртпалықсыз реформалауға барлық алғышарт қалыптастырады. Мұнан бөлек, шетелдің ең мәртебелі жоғары оқу орындарында жас кадрлар дайындау жөніндегі бағдарламаны дер уақытында жүзеге асырудың арқасында кәсіби мамандардың жаңа буыны қалыптасты. Олар мемлкеттік басқару мен бизнестің барлық саласында жемісті еңбек етуде», - деді сарапшы.

Сонымен қатар ол Қазақстан мен Қырғызстанның саяси жүйелерін салыстыра келе еліміз таңдаған даму жолының дұрыстығын баса айтты.

«Біз екі төңкерісті бастан кешірдік, қантөгіс, бейберекеттік орын алды. Бұл бізді кейінге ысырды. Бірақ, түптеп келгенде бұл саяси элитаны ымыраға келуге үйретті. Билік өкілеттіктерін қайта бөлу - билік арасында теңгерімдік. Қазақстан саяси реформаларға дайын», - деді ол.

Қырғыз сарапшысының айтуынша, Қазақстан билігінің атқарушы және сот тармағы өзінің жұмысқа қабілеттілігін әрі дербестігін дәлелдей алды.

«Осыған орай Парламент пен Үкіметтің өкілеттігін кеңейту олардың жауапкершіліктерін арттырып, алдыларында тұрған міндеттерді тиімді жүзеге асыруға, міндеттері орындау барысында дер уақытылы түзетулер енгізуге мүмкіндік береді», - деді Мәліков.