Оның айтуынша, бүгінгі таңда университетте 65 ғылыми-зерттеу жұмысы жүзеге асырылуда, олардың ішінде 19 жобаны мемлекеттік тапсырыс ретінде Білім және ғылым министрлігі жүзеге асырып отыр. Сондай-ақ университет ғылыми орталықтардың 11 гранттық жобасын жүзеге асыруда. «Және де биыл біздің ұстаздарымыз студенттерді тарта отырып, 35 жобаны іске асыруда. Бұл жобалардың барлығын университет өз есебінен қаржыландырып отыр», - дейді Ғ.Нығыметов.
Оның сөзіне қарағанда, жобалардың барлығы іске асырылу сатысында, олардың негізгі мақсаты нәтижеге қол жеткізу. «Бұл жобалардың мақсаты - нәтижені өндіріске енгізу немесе оларды коммерцияландыру. Осы межеге жету үшін университетте коммерцияландыру кеңсесі құрылып, тұжырымдама дайындалып жатыр және Елбасының тапсырмасы бойынша университет айналасында инттелектуалдық-инновациялық кластер құрылуда», - дейді Ғани Нығыметов.
Сондай-ақ университетте жаңа құрылымдық бөлім - ғылым жөніндегі Орталық кеңсе құрылған. Кеңсе ғалымдар мен зерттеулерге техникалық және ұйымдастыру саласында қолдау көрсететін болады.
«Кеңсенің негізгі мақсаты - ғалымдар мен зерттеулерге барынша техникалық қолдау көрсету», - деп түйіндеді Ғ.Нығыметов.