«Назарбаев Университеті» мен мектептері білім мен ғылым саласындағы жүйелі реформалардың катализаторына айналуы қажет - Білім министрі

АНА. 22 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - «Назарбаев Университеті» мен мектептер білім мен ғылым саласындағы жүйелі реформалардың катализаторына айналуы қажет.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры» мәртебесі туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасаған Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов осылай мәлім етті.

«Ұлыбритания университеттері автономдықтың жоғары дәрежесіне ие. Сонымен қатар академиялық бағдарламаны дербес бекітеді, ғылыми басымдықтарды, қызметкерлердің еңбекақы деңгейін, студенттерді еркіндікпен іріктеудің критерийлерін өздері анықтайды. Бұл олардың қазіргі әлемдегі өзгерістерге заман талабына сай бейімделуіне мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, әлемнің жетекші университеттері лицензия алудың орнына халықаралық ұйымдарда акредиттеледі. Тиісті рәсімнің болуы жоғары оқу орнының басқа университеттер арасында беделін көтереді. Сонымен қатар, жеке университеттің қызметін реттейтін арнайы заңды қабылдау халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді», - деді заң жобасына байланысты әлемдік тәжірибелерге тоқталған Білім және ғылым министрі Б. Жұмағұлов.

Оның айтуынша, «Назарбаев Университеті» және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» туралы арнайы заң қабылдау арқылы аталған білім ошақтарының құқықтық негізі қаланады. Бұдан бөлек еліміздегі барша оқу орындарына жаңа жағдайлар жасауға мүмкіндік береді. «Назарбаев Университеті» жоғары білім мен ғылым саласындағы ұлттық серпінді, маңызды жоба. Ол университеттік басқарудың жаңа нысандарын енгізу, халықаралық стандарттарға сай келетін жаңа академиялық бағдарламаларды сынақтан өткізу және бейімдеу, ғылыми зерттеулер жүргізудің халықаралық стандарттарын ендіру бағыттары бойынша Қазақстанның барлық университеттері үшін жаңа модель болып табылады. Осылайша, бұл университет пен мектептер білім мен ғылым саласындағы жүйелі реформалардың катализаторына айналуы қажет», - деді Білім министрі.