Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры» мәртебесі туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасаған Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов осылай мәлім етті.
«Университет, Зияткерлік мектептер мен Қор үшін басқарудың жалғыз жоғары органы - Ұлт көшбасшысы басқаратын жоғары қамқоршылық кеңес болып табылады. Университеттің, зияткерлік мектептер мен қордың басқару органы - олардың жекелеген қамқоршылық кеңестері болады. Ағымдағы басшылықты атқарушы орган жүзеге асырады. Заң жобасының тұжырымдамасына сәйкес, үздік халықаралық тәжірибеге негізделген университеттер мен мектептерді алқалы орган - қамқоршылық кеңестің басқаруы заман талабына сай. Басқарудың аталған тәжірибесі Ұлыбритания, Австралия, Канада, Швеция, Финляндия секілді елдерде кеңінен таралған. Қамқоршылық кеңестер жоғары оқу орындары қызметінің маңызды мәселелері бойынша алқалық шешімдер қабылдайды. Бұдан бөлек, университеттерде әртүрлі мәселелер бойынша декандар кеңесі, академиялық кеңес, ғылыми кеңес секілді өздерінің ішкі кеңестері де болады», - деді Білім және ғылым министрі.
Б. Жұмағұловтың айтуынша, академиялық еркіндік пен дербестік сияқты ұғымдар жоғары білім берудің халықаралық жүйесіндегі басты принцип болып табылады.
Естеріңізге сала кетейік, аталған құжат Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына 2006 жылғы және 2010 жылғы Жолдауларына сәйкес әзірленген. Бұнда Елбасы Астанада ерекше қабылдау шарттары мен түлектерге қойылатын айырықша талаптары бар беделді инженерлік-оқу орнын құру туралы міндеттерін қойған болатын. Бұдан бөлек бүгінгі күні қолданыстағы «Білім туралы» заңда кең ауқымды дербестігі мен академиялық еркіндігі, қамқоршылық кеңес арқылы басқару жүйесі, студенттерді қабылдаудың өзіндік ережелері көзделмеген. Сондай-ақ қолданыстағы заңнамадан қазіргі заманғы білім беру бағдарламаларын, оның ішінде әлемнің жетекші жоғары оқу орындары санатындағы шетелдік әріптестермен бірлесіп білім бағдарламаларын енгізу мүмкіндігі бар жоғары оқу орындарын құру және олардың жұмыс істеу мүмкіндіктері қарастырылмаған. Осыған байланысты аталған заң жобасын әзірлеу өзекті әрі уақытылы болып отыр.