Назарбаев Университеті толыққанды білім беру орталығына айналды - Мемлекет басшысы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Назарбаев Университеті толыққанды білім беру орталығына айналды. Бұл туралы бүгін Назарбаев Университетінің алғашқы түлектеріне диплом тапсыру рәсімінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

«Бұл еліміздегі білім беру жүйесінің ең айшықты күні болып саналады. Себебі әлемдік деңгейдегі тұңғыш университет студенттерінің алғашқы легін біз үлкен әлемге шығарып отырмыз.

Біз университетті құрғанда бұл жерде әлемдік деңгейдегі мамандар дайындауды жолға қоюды мақсат еткенбіз. Бүгін сол мақсат толық орындалды», - деді Елбасы.

Мемлекет басшысы Университет түлектерінің білімі әлемнің ең жоғарғы оқу орындарының талаптарымен толыға түскенін баса айтты.

«Бұл менің тікелей бастамам мен қамқорлығымның нәтижесінде жүзеге асқанын білесіздер. Ұстаздар қауымының қажырлы еңбегі мен тәжірибесінің арқасында мүмкін болды. Жас өрендеріміздің ғылым көкжиегіне деген құштарлығы мен ізденісі арқылы орын алды. Осылай Назарбаев Универсиеті толыққанды білім беру орталығына айналды», - деді ҚР Президенті.