Назарбаев Университетінде білім алуға алдағы жылға 503 студент өтті

None
АСТАНА. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Назарбаев Университетінде білім алуға алдағы жылға 503 студент өтті. Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың қатысуымен өтіп жатқан Назарбаев Университеті Қамқоршылық кеңесінің кезекті отырысында аталған оқу орнының Атқарушы кеңесінің төрағасы Аслан Саринжипов мәлім етті.

Оның айтуынша, алдағы жылға талапкерлерді қабылдау бойынша қабылдау емтихандарының екінші кезеңі өтті. «Атап айтқанда, оқуға түскендердің барлығы еліміздің барша өңірлерінен қамтылды. Осы оқу орнына түсуге 4 мың 200 студент өтінім берді. Емтихандарды 550-і сәтті тапсырды. Біз олардың ішінен 503 студентті қабылдадық. Олардың ішінде биыл «Алтын белгі» иегерлері 33 пайызды құрап отыр»,-деді ол.

Атап айтқанда, бүгінде университеттегі студенттердің жалпы саны 972-ге жетті. Олардың 469-ы бакалавриат бағдарламасы бойынша оқиды, ал 503-і «Foundation» дайындық бағдарламасы аясында білім алады.

Атқарушы кеңес төрағасының сөзіне қарағанда, Университетте бүгінде жалпы 20-ға жуық зертхана жұмыс істеп жатыр. Бұл зертханаларды жабдықтармен жасақтау бойынша халықаралық жеткізушілермен келісімшарттар жасалды. Сонымен қатар А. Саринжипов студенттердің әлеуметтік, спорттық және мәдени өмірлеріне арналып барша жағдай жасалғанын айта келе, оқу орнында студенттік үкімет жұмыс істеп жатқандығын, 30-ға тарта студеттік ұйымдар мен клубтар құрылғанын жеткізді. «Бүгінде 3 жатақхана пайдалануға берілді. Онда 856 студент тұрып жатыр»,-деді кеңес төрағасы.

Айта кетейік, Қамқоршылық кеңес Назарбаев Университетінің басқарушы органы болып табылады. Кеңес 10 адамнан құралған, сондай-ақ оған ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов төрағалық етеді.