Назарбаев Университеті «Өмір туралы ғылымдар орталығының» Бас директоры Жақсыбай Жұмаділовтің айтуынша, конференция геномдық және дербес медицина, биоинформатика және ғаламдық денсаулықтану аймағының соңғы ғылыми жетістіктерін инновациялық түрде жан-жақты зерттеуге бағытталған. «Біз жыл сайын өтетін осы іс-шараның геномдық және дербес медицинаның инновациялық жетістіктерін айналымға енгізіп, ғаламдық денсаулық сақтаудың ғылыми негіздерін қалыптастырып, биомедицина саласындағы инновациялық ғылыми бағыттардағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуда ашық сұхбат алаңы болатынына сенімдіміз», - дейді Ж. Жұмаділов. Айта кетейік, конференция жұмысына Еуропа және Азия, АҚШ елдерінің ғылыми-зерттеу орталықтары мен университеттерінің жетекші ғалымдары мен мамандары, мемлекеттік мекемелердің басшылары, жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу орталықтары және практикалық денсаулық сақтау мекемелерінің өкілдері қатысуда. Іс-шара бағдарламасына «Геномдық және дербес медицина дәуірі: мәселелер мен мүмкіншіліктер» және «Микробиом және адам денсаулығы» атты екі панельдік сессия енгізілген. Сонымен қатар, конференция барысында мастер-кластар мен жас ғалымдар, университет студенттері, магистрлері, докторанттарының постерлік сессиясы мен «Үздік постерлік баяндама» атты байқау өткізіледі. Назарбаев Университетінің президенті Шигео Катудың айтуынша, биылғы конференция барлық мемлекеттердегі ғылыми-зерттеу саласында қызығушылықтары бар барлық ғалымдардың басын қосуға бағытталған. «Шара өткізілетін 2 күн ішінде биомедицина мен дербес медицинаның жетістіктері және келешегі,мульти-омдық технология мен оның қолданысы, бмоинформатика, жүйелік биология, ғаламдық денсаулық және микробиомдық зерттеулер сияқты ғаламдық және өзекті мәселелер талқыланады», - деп атап өтті ол.
13:51, 13 Мамыр 2015
Назарбаев Университетінде «Дербес медицина және ғаламдық денсаулық» атты ІІ Халықаралық ғылыми конференция өтуде
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Назарбаев Университетінде «Дербес медицина және ғаламдық денсаулық» атты ІІ Халықаралық ғылыми конференция өз жұмысын бастады.