«Назарбаев Университетінде» жүрек ауруларын емдеуге арналған нано-капсулалар жасалуда

АСТАНА. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат - «Назарбаев Университетінде» жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеудің жаңа әдісі зерттелуде, деп хабарлады pm.kz сайты.

«Назарбаев Университетінде» коллатералогенез үрдісін бастау үшін діңгек жасушаларының нәрлі өнімі бар нано- және микроқұрылымдық полимерлер алу жөніндегі жоба жүзеге асырылуда. Бұл жоба  діңгек жасушаларын қолдана отырып, жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеуге арналған дәрі-дәрмектер жасауға мүмкіндік береді. Яғни, құрамына діңгекті жасушалардың түзілетін өнімдері қосылған нано- және мирокапсулалы құрылымдарға негізделген дәрі-дәрмектер жасалады.

Бұл жобаның ерекшелігі сол, ол діңгекті жасушаларға, олардан алынған васкуляризация факторларына (жаңа қан түзу тамырлары) негізделеді. Яғни, нано-капсулалар коллатералогенез үшін қажетті діңгекті жасушалар түзетін факторлардан тұрады.

Жобаның арқасында тиімді дәрі-дәрмектер жасау және жүрек-қан тамырлары жүйесінің ауруларынан болатын өлім-жітімді азайту мүмкін болады. Бұл жоба «Назарбаев Университетінің» Пәнаралық аспаптық орталығында іске асырылуда.