Назарбаев Университетіне жұмысқа қабылдау шарттары қандай
Университет провосты, профессор Илесанми Адесиданың айтуынша, басты талап ол - кәсіби дайындық. Үміткердің ұлты мен нәсілі ескерілмейді. "Әрине, біз әлемнің түкпір-түкпірінде жұмыс істеп жүрген қазақстандықтардың өз еліне қайтқанын қалаймыз. Олар шетелде профессор болып жүріп, аталған дәреженің мүмкіндіктерін толық пайдалана алмаса, бізге келіп, толыққанды профессор бола алады. Біз білеміз, бүгінде Қазақстанның алты азаматы Израильдің Бен-Гурион атындағы университетте генетикамен айналысады. Ондай азаматтар көп. Олар Қазақстанға келіп, біздің бағдарламаларымызға қатысады деген үміт бар", - дейді И.Адесида.
Ал жоғары білім беру мектебінің деканы Аида Сағынтаеваның сөзіне қарағанда, Назарбаев Университетіне "Болашақ" бағдарламасының түлектері жиі келеді. Оларды жұмысқа алмаса, қатты ренжиді. "Иә, оларды жұмысқа алмаса, кей кезде ренжіп кетеді. Әрине, мен өзім Қазақстан азаматы болғаннан кейін жерлестерімді кері қайтарған оңай емес. Бірақ мен ылғи айтамын, бізге кәсіби мамандар қажет. Ал олардың қай елден келгені маңызды емес. Сондықтан "осы жердің азаматымын" дегенді саудаға салудың қажеті жоқ. Өйткені бәсекелестік кезінде адамның ұлттық ерекшеліктері емес, жеке қарым-қабілеттері бағаланады. Сондықтан біз жергілікті үміткерлер үшін ерекше жағдай жасамауға келістік. Барлығына бірдей талаптар бар. Соны орындай білу керек", - деп атап көрсетті А.Сағынтаева.
Айта кетейік, бүгін Назарбаев Университетінде жоғары білім беру көшбасшыларының VII Еуразиялық форумы (EHELF) басталды. Биылғы форум жоғары білім беру саласындағы инновацияларға арналып отыр. Халықаралық шараға отандық және шетелдік университеттердің ғалымдары, топ-менеджерлер мен стратег мамандар жиналды. Олардың ішінде Ресей, Румыния, АҚШ, Қырғызстан, Қытай, Австралия және тағы басқа жоғары оқу орындарының өкілдері бар. Екікүндік мәжіліс кезінде форум қатысушылары озық теxнологиялар арқылы білім беру саласын жаңғырту мәселелерін талқылайды.
Алғашқы сессияда Халықаралық сарапшы Джамиль Салми жоғары білім беру саласының қалайша өзгеретініне болжам жасады.