«Назарбаев Университетінің» студенттері әлемдік универсиадаларға қатысатын болады - Елбасы

АНА. 7 желтоқсан. ҚазАқпарат - Жаңа оқу орнының студенттері Азиадаға дайындалып жатқан спорттық нысандарда кейіннен жаттыға алады, олар сондай-ақ халықаралық универсиадаларға қатысатын болады.

Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін «Назарбаев университетінің» студенттерімен болған кездесуде мәлім етті.

«Қазіргі заманда табысты болу деген сөз - салауатты, төзімді, күшті болу деген сөз. Жаңа университеттің жанында, өздерің көріп отырсыңдар, заманауи спорттық нысандар, стадиондар салынып отыр, біз қазір Азиада ойындарына дайындалып жатырмыз. Бұл - университет студенттерінің денсаулығын шынықтырудың тамаша базасы. Осы мүмкіндікті пайдаланыңдар, уақыт тауып шынығыңдар», - деді Елбасы студенттерге.

«Баршаға мәлім, әлемдік үздік университеттер өздерінің спорт командаларымен танымал. Бұл тәжірибе назар аударуға лайықты, шетелдік серіктестеріміздің спорттық жетістіктеріне бой түзеуіміз керек. Жаңа университет еліміздегі студенттік спорт қозғалыстарына және әлемдік универсиадаларға белсенді атсалысуы керек. Жаңа оқу орнының күнделікті жұмысында бірлесіп шешетін міндеттер осылар», - деді Н.Назарбаев.