«Назарбаев Университетінің» тәжірибелері таратылатын 18 жоғары оқу орны анықталды

АСТАНА. 21 қыркүйек. ҚазАқпарат - «Назарбаев Университеті»   еліміздің   жоғары білім  жүйесінің   жаңа  «өсу  нүктесі» ретінде анықталып   отыр.

 Бұл оқу орнының ғылыми-білім  тәжірибелері   еліміздің  18 университетіне таратылатын  болады, деп хабарлайды Pm.kz сайты.

Білім және ғылым министрлігінің ақпараты  бойынша, ағымдағы жылы  «Назарбаев Университетінің»  тәжірибелерін тарату үшін   18 базалық  жоғары  оқу орны анықталып отыр.   Бұл әлемдік білім  мен ғылым   жүйесіне  ықпалдасуға және   Болон  үдерісі қағидаларын  жүзеге асыруға жасалған тағы бір қадам болмақ.

Жоғары оқу орындарына  2013  жылдан бастап  біртіндеп  автономия беру мәселесі қарастырылуда.  2012 жылдан бастап    еліміздің  4 жетекші    университетінде    өкілеттіктері заң бойынша  белгіленген   бақылау  кеңестері   жұмыс  істеуде.  «Назарбаев  Университетінің» тәжірибесін  таратудағы  маңызды фактор  -   көп тілді  кадрлар даярдау,    тілдердің  үш тұғырлығын  дамыту   болып  табылады.   Ол   үшін  биылдан бастап  32 жоғары  оқу орнында   5,5 мыңнан астам  студентті қамтыған   арнайы  бөлімдер  ашылуда.   Оған қоса,   жетекші  халықаралық сарапшыларды  тарта  отырып,  жоғары мектеп топ-менеджерлерін даярлау жобалары  қолға алынуда.

«Назарбаев Университетінің» базасында  сынақтан өткізілген білім бағдарламалары,   ғылыми зерттеулер  жүргізудің жаңа  стандарттары,  автономиялық  және академиялық   еркіндік қағидалары,  бәрі-бәрі біртіндеп   еліміздің барлық  оқу орындарына  таратылатын болады.

Қазір  «Назарбаев Университетінде»    Университетке  даярлық орталығы (Foundation бағдарламасы)  және 18 мамандық бойынша  бакалавриат бағдарламаларын оқытатын  Инженерия,  Ғылым және  технологиялар,   Гуманитарлық және  әлеуметтік ғылымдар  мектептері  жұмыс істейді.

Оған қоса,  Университетте үш жоғары мектеп  (Жоғары бизнес мектебі,  Жоғары мемлекеттік саясат мектебі, Жоғары білім мектебі)   құрылған.  Ал    алдағы желтоқсан  айында оқу  орнында   алғашқы магистрлік бағдарлама - Executive MBA бағдарламасы (Басқарушыларға арналған бизнес-әкімилендіру)   қолға алынбақ.

Айта кету керек, 2012/2013   оқу жылында  университетте бакалавриаттың 1-ші курсында - 510 студент, бакалавриаттың  2-ші курсында - 456 студент,  Foundation  бағдарламасы бойынша 500-ден астам  студент оқуларын  бастайды.

Сонымен қатар, ағымдағы жылы «Назарбаев Университеті» университетке даярлық бағдарламасына қатысусыз  бакалавриат бағдарламасына 28 адамды оқуға  қабылдады,   тағы 2 адам   еліміздің басқа оқу орындарынан ауысып келді. 

Елбасының бастамашылығы бойынша «Назарбаев  Университетіне»   Қазақстанның білім және  ғылым жүйесін    халықаралық  деңгейге  шығару   және   саланы   дамыту  міндеті жүктеліп отыр.  Университет    инновациялық бағдарламалар мен  ғылыми жобалар  сынақтан өтетін  алаңға айналуда.