Назарбаев университетінде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге ескерткіш тақта орнатылды
АСТАНА. KAZINFORM — Назарбаев университетінде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге арналған ескерткіш тақта орнатылды.
Бүгін Назарбаев университетінде Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин жариялаған «Бір белдеу, бір жол» бастамасының 11 жылдығына арналған іс-шара өтті.
Айта кетейік, 2013 жылы дәл осы университетте Си Цзиньпин «Бір белдеу – бір жол» атты ауқымды экономикалық бастаманы жариялаған болатын. Бұл бастама әлемдік сауда мен ынтымақтастықтың дамуына үлкен серпін берді. Арада 11 жыл өтіп, осы тарихи оқиғаның құрметіне университет қабырғасында ескерткіш тақта орнатылды.
Іс-шараға Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі Чжан Сяо, Назарбаев университетінің проректоры Илесанми Адесида, сондай ақ ҚР Сыртқы істер министрінің өкілі мен басқа да құрметті қонақтар қатысты.
Илесанми Адесида өз сөзінде Қытай мен Қазақстан арасындағы берік достық пен ынтымақтастықты атап өтті. Ол Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннің 2013 жылы Назарбаев университетінде экономикалық және дипломатиялық ынтымақтастық бастамасын жариялағанын еске салды.
«Бұл бастама тек экономикалық және мәдени байланыстарды нығайтып қана қоймай, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды символға айналды. Бүгінгі шара екі мемлекет арасындағы мәңгілік достықтың және аймақтық даму мен өркендеуді бірлесе ілгерілетуге деген ортақ ұмтылыстың белгісі болып саналады», - деді Илесанми Адесида.
Өз кезегінде Қытай елшісі Чжан Сяо Қазақстан мен Қытайдың осы бастама аясындағы тығыз ынтымақтастығын және қол жеткізілген жетістіктерін атап өтті. Оның айтуынша, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыс қарқынды дамып келе жатыр.
«2023 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 41 миллиард АҚШ долларына жеткен. Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі атанды. Ал сауда көлемі биыл қаңтар-шілде айларында 70 пайызға өскен», - деп атап өтті Чжан Сяо.
Сонымен қатар елші екі ел арасындағы көлік, энергетика және жоғары технологиялар салаларындағы ынтымақтастықты нығайту маңызын атап өтті және жастардың бұл процестегі рөлін ерекше атады.
«Жастар – біздің болашағымыз. Қазақстан мен Қытай жастары біздің достық пен ынтымақтастығымызды нығайтуда шешуші рөл атқарады. Мен сіздерді осы ұлы іске белсене атсалысуға шақырамын», - деді Чжан Сяо.
Іс-шара соңында Илесанми Адесида және Чжан Сяо бірлесіп ескерткіш тақтаны салтанатты түрде ашты.