Назарбаев Университетінде студент қыз қайтыс болды

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Назарбаев Университетінде студент қыздың қаза тапқанына байланысты университет әкімшілігі ресми мәлімдеме жасады.

— Назарбаев Университеті жатақханаларының бірінде болған қайғылы оқиғаға байланысты марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз. Университет ұжымы отбасына моральдық және материалдық қолдау көрсетіп жатыр, — делінген оқу орнының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Университет мәліметінше, қазіргі уақытта оқиға бойынша құзырлы органдар тергеу жүргізіп жатыр. Оқиға орнына құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен психологтер тартылған.

— Барлық қажетті шаралар қолға алынды. Университет әкімшілігі жағдайды ерекше бақылауға алды, — делінген хабарламада.

Сондай-ақ университет пен марқұмның туыстары жалған немесе расталмаған ақпарат таратпауға шақырады. Жақындары бұл қайғылы жағдайды бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде және мессенджерлік топтарда жарияламауды сұрап отыр.

Бұған дейін Түркістан облысында колледж студентін өлтіру күдігімен шетел азаматы ұсталғанын жазғанбыз.