Nazarbayev University басшылық құрамында қазақстандықтар неге аз — министр жауабы
АСТАНА. KAZINFORM — Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің Назарбаев университетіндегі кадр саясатына байланысты жазған сынына пікір білдірді.
— Асхат Қанатұлының айтқан сөзінің жаны бар. Қазіргі таңда Назарбаев университеті — автономды, тәуелсіз формадағы ұйым. Тікелей министрлік те, Үкімет те жұмысына артық араласа алмайды. Өздерінің заңдары бар. Яғни, ішкі автономиясы бар. Дегенмен біз университет басшылығымен кездесіп, дәл осындай ұсыныстарды айттық. Қазір Назарбаев университетінде аяқтан тұрып, мықты өсіп келе жатқан Сұраған Дөрбетхан, Дос Сарбасов сияқты жергілікті буын бар. Ал сіз айтқандай, басшылық құрамдағы жалғыз қазақстандық Аида Қыстаубайқызы қазір вице-провост болып тағайындалды — екінші лауазымы бар. Біздің ұсыныстарымызды ескереміз деп сөз берді, — деді ол Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Айтуынша, университеттің құрамынан ашылатын колледждерді басқаруға қазақстандық мамандар көбірек тартылмақ.
— Қазір университеттің үш жылдық стратегиясы бекітілді. Жаңа жылдан бастап жаңа құрылымдық жүйеге көшеді — колледждер болады. Сол жерде жергілікті кадрларды ескереміз деген сөз берген бізге, — деді Саясат Нұрбек.
Айта кету керек, Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасында Назарбаев университетінің кадр саясатын сынаған болатын.