Назарбаев жастар тәрбиесіндегі негізгі ұстанымды атады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жастар тәрбиесіндегі негізгі ұстанымды жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Табысымызды еселеп, Тәуелсіздігімізді баянды ете түсу үшін бізге балталаса да бұзылмайтын берік ауызбіршілік керек. Береке-бірлігімізді көздің қарашығындай сақтай алсақ, мерекелі тірлігімізге төнетін қауіп жоқ», - деді Мемлекет басшысы бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында.

Президенттің айтуынша, қазіргі аумалы-төкпелі заманда халықтың ауызбірлігі берік болуы қажет. Осы орайда Н.Назарбаев ата-бабаларымыздың екі империяның ортасында өмір сүріп, неше түрлі қияметті бастан кешіргенін де еске алды. «Мәселе халықтың көптігінде, аздығында емес. Мәселе адамның қуаттылығында, сауаттылығында емес, мәселе - рухани бірлікте. Жан аямай, «не Тәуелсіздік, не өмір жоқ» деген қағидамен өмір сүруіміз керек. Жастарды солай тәрбиелеген жөн. Осы жерде олқылықтар бар. Ел мен жердің иесі ретінде Қазақстандағы жақсы мен жаманның бәріне қазақ жауапты. Осы ұлы жауапкершілікті сезініп, барша ұлыстың ұйытқысы болып, өзгеге өнеге көрсете білейік, ағайын», - деп атап көрсетті Президент.

Айта кетейік, Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше бастаманы жариялады. Атап айтқанда, Президент қазақстандықтарды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған жаңа бағдарламаны жариялады.

Бұдан бөлек, жалақысы төмен қазақстандықтарға салық 1 процентке дейін төмендейді.  Шағын несиелердің көлемі де артатын болды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Астананы газдандыру мәселесін 1,5 жылда шешуді тапсырды.