Баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Дарынды балаларға арналған жаратылыстану-математикалық бағыттағы 20 зияткерлік мектептер» жобасы 2008 жылы Елбасының қолдауымен жүзеге асырыла бастады. Қазіргі кезде 5 мектеп кешені іске қосылған. Ықпалдастырылған эксперименттік білім беру бағдарламаларын дайындау жұмысы ұйымдастырылып, білім сапасын бағалау және мониторинг жүргізілуде. Педагогикалық ұжым мен оқушылар контингенті қалыптасқан. Бүгінде Назарбаев зияткерлік мектептерінде 597 педагог қызмет етіп, үш жарым мыңнан астам бала білім алуда.
Жүз пайыз мемлекеттік үлестегі «Өркен» акционерлік қоғамы 2008 жылы 13 мамырда Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 452 қаулысымен құрылған. 2010 жылдың маусым айында «Өркен» акционерлік қоғамының атауы «Назарбаев зияткерлік мектептері» болып өзгертілді. 2011 жылдың 19 қаңтарында «Назарбаев Университеті», «Назарбаев зияткерлік мектептері», «Назарбаев қоры» туралы Қазақстан Республикасының заңдарына қол қойылды.