Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан «Білімдегі жоғары сапа мен көшбасшылық - 2013» халықаралық конференциясында «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шамшидинова айтты.
«Назарбаев зияткерлік мектептері» базасында жасалып жатқан жұмыстардың барлығы болашақта орта білім беретін мектептерге беріледі. Сондықтан біз қазір көпшілік назарына заманауи орта білімнің қандай болу керектігін жеткізуге күш салудамыз. Бұл ретте орта білімнің құрылымы тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл динежүзінде өзгеріп жатқандығын баса айту қажет», - деп атап өтті К. Шамшидинова.
Айта кету керек, іс-шараны «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы өткізеді. Шараға халықаралық және қазақстандық спикерлер, ҚР БҒМ өкілдері, қазақстандық жоғары оқу орындары, Ұлттық тестілеу орталығы, елдегі Зияткерлік және жалпы білім беру мектептерінен 400-ге жуық адам қатысуда.
Конференцияда «Білім парадигмасының өзгеруі», «Білімдегі жаңа әдістемелер мен технологиялар», «Мұғалімдердің біліктілігін арттыру», «Мектептерде үштілдікті енгізу», «Қазақстан тарихы, қазіргі замандағы Қазақстан пәндері арқылы патриотизмді қалыптастыру», «Оқушыларды сыни бағалау», «Тест арқылы дарынды және талантты балаларды анықтау», «Мектеп - университеттің серіктестігі», «Зерттеушілік, жобалау жұмысы» және т.б. тақырыптар талқыланады.