Назарбаев зияткерлік мектептерінде оқушыларды іріктеудің жаңа жүйесі енгізіледі

АСТАНА. 20 тамыз. ҚазАқпарат - Биыл қыркүйек айында біз Назарбаев зияткерлік мектептерінде оқушыларды іріктеудің жаңа жүйесін тәжірибеден өткізетін боламыз.

Бұл туралы бүгін Астанада басталған Қазақстан педагогтарының тамыз конференциясында «Назарбаев Интеллектуалды мектептері» АҚ басқармасының төрайымы Күләш Шәмшитдинова айтты.

Оның хабарлауынша, аталған жүйені әзірлеу жұмысына Голландияның «СИТО» атты педагогикалық институты және АҚШ-тың Джонс Хопкинс атындағы дарынды жастар орталығы қатысты. «Жаңа жүйе іріктеу конкурсына шыдай алатын оқушыларды анықтап қана қоймай, олардың Назарбаев зияткерлік мектебінде білім алуға қаншалықты дайын екенін көрсете алады. Ол компьютерлік тестілеуге негізделіп, төрт пән бойынша тиісті тапсырмаларды қамтиды. Әрине, баланың жаратылыстану-математика ғылымдарын оқу қабілетіне негізгі басымдық беріледі», - дейді К.Шәмшитдинова.

Басқарма төрайымы атап көрсеткендей, жаңа іріктеу жүйесі тәжірибеден өткеннен кейін, оны барлық мектептерге енгізіп, 7-ші сыныпты бітірген оқушылар Назарбаев зияткерлік мектептеріне іріктелетін болады.