Бұл туралы бүгін Астанада басталған «Мұғалімнің кәсіби дамуы: дәстүрлері мен өзгерістері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шамшидинова мәлім етті.
Зияткерлік мектептерге мұғалімдерді іріктеуден өтуге шақырғанда, жоғары жалақы, жоғары деңгейдегі материалдық-техникалық жабдықталу және мектептің жоғары беделі бізге үздіктердің үздіктерін тартады деп үміттендік. Көп жағдайда солай болды, бірақ, онымен бірге, Зияткерлік мектептердің кадрларды бағалау және іріктеу тәжірибесі қазақстандық педагогтардың кәсіби деңгейіндегі проблемаларды анықтады. Конкурстық іріктеулер бірінші және жоғары санатты, өз пәні бойынша жоғары деңгейдегі білімі бар мұғалімдердің, мысалға, ақпараттық технологиялар саласында болмаса, білім берудің жаңа әдістемелерін пайдалану саласында хабары жеткіліксіз екендігін көрсетті», - деді ол.
К.Шамшидинова атап көрсеткендей, аталған фактілер және ұстаздарды іріктеу, олардың біліктілігін көтеру мәселелері бойынша халықаралық тәжірибеге жасалған талдаулар, Зияткерлік мектептерде педагогтардың біліктілігін арттыратын арнайы жүйенің құрылуына негіз салды. Бұл өз кезегінде Қазақстанда мұғалімдердің біліктілігін ұдайы арттырып отыру идясын жүзеге асыруға септігін тигізді.
Алғашқы жасалған мониторингтің нәтижесі бойынша, педагогтың кәсібилігін арттырудың дербес сызбасы әзірленіп, оларды келесідей модульдар бойынша оқыту ұйымдастырылды: 1 - ақпараттық-коммуникациялық технологиялар; 2 - қазақ тілі; 3 - ағылшын тілі; 4 - «педагогикалық білімдер».
«Модульдардың жиынтығы Зияткерлік мектептерде оқыту үрдісінде ақпараттық-коммуникациялық орта мүмкіндіктерін тиімді қолдану, көп тілді саясатты жүзеге асыру, ықпалдастырылған білім беру бағдарламаларын енгізу және өзге де талаптарға сәйкес жасалды. Әрбір модуль үш деңгейден тұрады және оның қиындық дәрежесі артып отырады», - деді Басқарма төрайымы.
К.Шамшидинова атап көрсеткендей, мұғалімдердің біліктілігін арттыру жүйесіне: мектепішілік курстар, ел ішіндегі курстар, шет елдердегі курстар және оnline, offline курстары кіреді.