«Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» емтихан материалдарын сату туралы хабарлама – фейк

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдары (ДББҰ) түлектері тапсыратын емтихан материалдарын сату туралы хабарлама – жалған.

Фото: instagram.com/anuar_zhangozin

Бұл туралы өзінің Facebook парақшасында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдары (ДББҰ) Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ түлектері тапсыратын емтихан материалдарын сату туралы хабарлама тарауда. Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін атап өткім келеді. Біздің мектептерде оқушыларды бағалау рәсімдерін өткізуге арналған кез келген емтихан материалдары халықаралық стандарттарға сәйкес әзірленеді. Емтихан материалдарын әзірлеу кезінде құпиялылық және ақпараттық қауіпсіздік шаралары сақталады, бұл өз кезегінде материалдардың таралып кетпеуін қамтамасыз етеді»,-деп жазды Басқарма төрағасы.

Осыған байланысты ол «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ арандатушылыққа берілмеуге шақыратынын айтты.

«Біз оқушыларымызға білім беруде адалдық пен ашықтық принциптерін қатаң ұстанамыз және алаяқтықтың кез келген түрін, соның ішінде емтихан материалдарын сатуды мүлдем құптамаймыз.

Сондай-ақ мұндай әрекеттер біздің ережелерді өрескел бұзу ретінде қарастырылатынын, оқу орнынан/жұмыстан дереу шығаруға және кейіннен заңнамалық деңгейде жауапқа тартуға әкелуі мүмкін екенін атап өткім келеді»,-деді Әнуар Жанғозин.