***
«Тәжікстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының жауапкершілік аумағына кіретіні белгілі. Сондықтан биылғы желтоқсанның басында Астанада өтетін ЕҚЫҰ-ның Саммитінде Тәжікстан мәселесінің де қаралатыны туралы бұрыннан да айтылып жүр еді. Соңғы кездері сол ұйғарымның бекер емес екенін білдіретін оқыс оқиғалар бұл елде тым көбейіп кетті. Ал таяуда түрмеден
қашқан топты іздеуге шыққан әскерилерді белгісіз біреулердің Гарм шатқалында күтпеген жерден атқылап, 40 жауынгерді опат етуі Тәжікстандағы ішкі шиеленістің белгілі бір деңгейге дейін ушығып кеткенін аңғартты», деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі шыққан санында. Бұл туралы басылымда жарияланған «Тәжіктің тауларына тұман түсті» атты мақаладан оқисыздар.
Сондай-ақ осы басылымның үкіметтің кешегі селекторлық мәжілісінде көтерілген мәселелерге сүйене отырып хабарлауынша, Қазақстанның кейбір өңірлерінде тамыз айынан бастап қарақұмық жармасының бөлшек саудадағы бағасы өскені байқалып отыр. Жалпы республика бойынша орташа алғанда оның бағасы 48,5 пайызға дейін көтерілген. Басқосуда сонымен қатар Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова елімізде 2010 жылы инфляция деңгейі алдыңғы жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 4,6 пайызды құрағандығын, бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 0,3 пайыздық пунктке жоғары екендігін айтты. Бұл мәселе «Егемен Қазақстан» басылымындағы «Назарда - азық-түлік қауіпсіздігі» атты мақалада айтылған.
***
«Айқын» басылымының хабарлауынша, қазақстандық нарықтағы бәсекелестікті қызғыштай қорғауға және монополистердің бассыздығын болдырмауға жауапты қос орган кеше өздері атқарған жұмыстары жөнінде есеп берді. Бәсекелестікті қорғау агенттігі еліміздің оңтүстігіндегі нанның қымбаттауына қатысты шілдедегі жанжалды тұтанқандарды тауып алыпты. Алайда олар өздерінің кінәлі еместігін айтып азар да безер болуда. Сондықтан олардың
ісі сотқа берілді. Ал Алдабергеновтың мекемесі алпауыттармен жағаласып жүріп, бірнеше жекепе-жекте жеңіске жеткен. Табиғи монополияларды реттеу агенттігі жыл басынан бері жылу монополистерінен миллиардқа жуық қаржы өндіріп алған. Бұл мәселе туралы «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Сотқа тартып жатыр» атты мақалада кеңінен баяндалады.
Сондай-ақ осы басылымның жазуынша, Қазақстанда асыл тұқымды мүйізді ірі қара шаруашылығын басым бағыт ретінде қарастырып, оны жеткілікті мөлшерде қаржыландыру - өмірдің өзі ұсынып отырған басты қажеттілік. «Осы қажеттілікті орындауға жедел кіріспесек, ұтылысымыз көп болмақ. Ал мұны 2011 жылдан бастап, басым бағыт ретінде қабылдап, қаржылай қолдап, ең кемі алдағы екі жылда ауыл шаруашылығының осы саласына мемлекеттік маңызды іс ретінде жанашырлық жасасақ, екі емес, үш қоянды бір оқпен атқан болып шығамыз», деп жазады басылым тілшілері. Бұл туралы «Айқынның» бүгінгі санындағы «Ақылбектің ақылды жобасы» атты мақалада.
***
«Алаш айнасы» басылымының хабарлауынша, мемлекетіміз елдегі зейнеткерлерге қарағанда, қылмыстық жазасын өтеушіге ақшаны артық бөледі екен. Тіпті 30-40 жыл еңбек еткен зейнеткердің өзіне 18 мың 25 теңге береді. «Статитика агентігінің мәліметтерінше, шілде айында Қазақстандағы бір жұмысшының орташа айлық атаулы жалақысы 82 мың 280 теңге болды. Зейнетақы тағайындауда бәлкім осы көрсеткішті негізге алып, тым құрығанда зейнетақы мөлшерін орташа жалақы мөлшерінің 50 пайызына жеткізу керек шығар», деп жазады басылым тілшілері. Бұл мәселе жөнінде басылымның бүгінгі санындағы «Айлық табысың 5 мың теңге болса, кедей емессің» атты мақаладан білуге болады.
Осы басылымның ҚазТАГ агенттігіне сілтеме жасай отырып хабарлауынша, жақында ғана қылмыстық іс қозғалан еліміздің бас дәрігері Жақсылық Досқалиев Астана қаласындағы республикалық клиникалық ауруханада жатыр. Министр ауруханаға жексенбі күні жеткізілген. Алайда аурухана қызметкерлері оның қандай диагнозбен түскендігін айтпаған. Бұл жағдайға байланысты ақпаратты «Алаш айнасының» бүгінгі санындағы «Қылмыстық іс қозғалған бас дәрігер жан сақтау бөімінде жатыр» атты ақпараттан білесіздер.
***
«Казахстанская правда» басылымы кеше Елбасы еліміздің Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовты қабылдағанын жазған. Онда елдің әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалы жайында есеп берген Премьер-Министр елде астық жинау науқанының аяқталғанын жеткізген. Республика бойынша 13 миллион тонна астық жиналған. Қалыптасқан жағдай елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге толық қауқарлы. Оның үстіне елдегі астық қоры да 2011 жылдың қазан айының 1-не дейін жетеді. Бұл туралы «Казахстанская правда» басылымының бүгіні санындағы «Казахстан с хлебом» атты мақалада.
***
«Литер» басылымының жазуынша, алдағы уақытта Қазақстанның ақпарат кеңістігі мүмкіндігінше ашық бола түседі. «Нұр Отан» партиясының өкілдері тұсауын кескен «Қоғамдық ақпаратқа қолжетімділік» атты заң жобасының талаптары бойынша енді елдің әрбір азаматы мемлекеттік органдардың қызметі туралы ақпараттарды емін-еркін ала алатын болады. Ең жақсысы, бұл ақпараттарды алу үшін азаматтар оның не үшін қажеттігі жөнінде ешкімге де есеп бермейді. Аталмыш құжаттың басты мақсаты тек мемлекеттік органдардың қызметін ашық етіп қана қоймай, қалың көпшіліктің осы органдардың қызметіне бақылауын күшейту болып табылады. Бұл туралы «Литер» басылымының бүгінгі санындағы «Что, где, когда» атты мақалада.