Назерке Қыстаубаева: Отан қорғау жолындағы қызмет бәрінен де қымбат

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Әскери салада жемісті еңбек етіп жүрген нәзік жандылар аз емес. Солардың бірі - Қызылорда гарнизоны әскери бөлімінің байланыс взводының аға маманы, аға телефонисі Назерке Қыстаубаева, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда гарнизоны әскери бөлімі байланыс взводының аға маманы, аға телефонисі Назерке Қыстаубаева әскери салада 6 жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді.

Ол «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері арасында өткен офицерлік үшсайыста атудан көздеген нысанадан мүлт кетпей, бірінші орын алды. Әскери қызметшілердің күнделікті тәртібі мен киген киіміне қызыққан арудың бұл саланы таңдауына әкесі мен ағасы себепші болған.

«Қызығы мен шыжығы қатар жүретін саланың бірі - әскери сала. Осы саланың қызметкері болғаныма қуаныштымын. Қиындығы жағынан өзге салалармен салыстыруға келмейтіні белгілі. Басында қиындықтар туындағанын жасыра алмаймын. Жұмысқа ерте кетіп, кеш оралатын, жауынгерлік дайындық кезінде де қиындау болған сәттер болды. Алайда Отан қорғау жолындағы қызмет бәрінен де қымбат екенін түсіндім», - дейді Назерке Қыстаубаева.

Әскери қызметтің салмағы ауыр. Қызмет өткеру кезінде керзі етікпен, оқу-жаттығу дабылы кезінде бронды кеудеше киіп жүруге тура келеді. Қару асынып, ауыр радиостанциямен әскери қызметкердің жеке заттарына арналған дорбаны қоса арқалайтын уақыттар да болатынын айтты. Сондай-ақ, жауынгер ару таң атқаннан кеш батқанға дейін 25-30 келіні иыққа асып жүргенін де жеткізді.

«Барлық істі жігермен, шын ниетпен атқарған кезде қиындықтарды артта қалдыруға болатынын білдім. Осы әскери бөлімде ерлермен қатар иық тіресе жұмыс істеп жүргенімді мақтан тұтамын. Әр істің өз қиындығы бар. Әскерде ерлермен қатар Отан қорғауға атсалысып жүрген бүкіл аруларды мерекемен құттықтаймын», - дейді Назерке Қыстаубаева.