ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордалық жас шахматшы Назерке Нұрғали Түркияның Чорум қаласында өткен 16 жасқа дейін жасөспірімдер арасында дүниежүзілік шахмат олимпиадасынан табысты оралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүбірлі бəсекеде ол қыздар және ұлдар арасында да сынға түсті. Нәтижесінде қыздар арасында күміс, ұлдар арасында қола жүлде жеңіп алды. Швейцар жүйесі бойынша өткізілген жарыста Назерке 8 ойыннан 6,5 ұпай жинады. Айта кетейік, жас шахматшы дүниежүзілік олимпиадаға алғаш рет қатысқанына қарамастан осындай толайым табысқа кенеліп отыр.
Жас шахматшы енді Павлодарда өтетін халықаралық турнирге облыс құрама командасымен бірге қатысады. Ол 17 қараша-1 желтоқсан аралығында өткізіледі.
Назерке Нұрғали шахматтан еліміздің спорт шебері, ФИДЕ-нің спорт шебері. Сондай-ақ, 10 дүркін Қазақстан, 2 дүркін әлем, 5 дүркін Азия чемпионы атанған.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.