АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық дзюдошы Назгүл Маратова Әбу-Дабиде (БАӘ) Grand Slam турнирінің қола жүлдегері атанды.
Назгүл 100 келіден жоғары салмақта ресейлік Анастасия Холодилинамен татамиге шықты.
Голден скорда ресейлік дзюдошы үшінші ескертуін алып, жеңіс Назгүлге берілді.
Тағы бір қазақстандық Карина Такиева осы ауыр салмақта хорватиялық Хелена Вуковичпен белдесті.
Тартысты жекпе-жек голден скорда жалғасып, Карина шидо санымен жеңіліс тапты.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Әбу-Дабиде үш қола жүлдені жеңіп алды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Әбиба Әбужақынованың Grand Slam турнирінің қола жүлдегері атанғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Дәурен Сүюкенов Қазақстан қоржынына екінші қола жүлдені салды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).