Назым Қызайбай бокстан әлем кубогында жарысты аяқтады

АСТАНА. KAZINFORM — World Boxing федерациясының ұйымдастыруымен өтіп жатқан әлем кубогында бүгін, 22 сәуірде ел құрамасынан Назым Қызайбай (54 келі) жарыс жолын аяқтады. 

Фото: Қазақстан ҰОК

Беделді бәсеке Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында 20-26 сәуір аралығында өткізіледі.

Отандасымыз шаршы алаңда польшалық Виктория Рогалинскамен қолғап түйістірген еді. Қос боксшы жекпе-жек бойы қашықтықта жұдырықтасып, бір-бірінің қимылын аңдумен болды.

Теңдей өткен айқастың тағдыры шешуші үшінші раундта шешіліп, 4:1 есебімен Виктория Рогалински жеңіске жетті.

Енді ел құрамасынан күндізгі сессияда Фарух Тоқтасынов (70 келі) жапониялық Севон Оказавамен шаршы алаңға шығады.

Ал кешкі сессияда Виктория Графеева (60 келі) әзербайжандық Емили Рзаева, Наталья Богданова (70 келі) түркиялық Бусеназ Сюрменели, Даниал Сәбит (50 келі) мажарастандық Иштван Шзака, Диас Молжігітов (80 келі) аустралиялық Марлон Севехонмен кездеседі.

Айта кетсек, бұдан бұрын алғашқы жекпе-жегінде Назым Қызайбай (54 келі), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (65 келі), Фарух Тоқтасынов (70 келі). Диас Молжігітов (80 келі) жеңіске жеткен еді.

Ел құрамасынан Бағлан Кенжебек (55 келі), Жансері Көшербаев (60 келі), Дәулет Төлемісов (90 келі) бұл бәсекені ерте аяқтауға мәжбүр болды.

Сондай-ақ әлем кубогында олардан басқа ерлер құрамасынан Санжарәлі Бегалиев (75 келі), Сұлтан Айбарұлы (85 келі) шаршы алаңға шығады.

Ал әйелдер құрамасында Алуа Балқыбекова (55 келі), Аида Әбікеева (65 келі), Жібек Жарасқызы (80 келі), Валерия Аксенова (80 келіден жоғары) бар.

Күндізгі сессия Қазақстан уақытымен 19:00 -де және кешкі сессия 1:00–де басталады.