Назым Қызайбайдың ата-анасы: қызымыздан жеңіс күтеміз

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қазір санаулы минуттардан кейін Франция астанасы Париж қаласында Назым Қызайбай жартылай финалда қытайлық боксшы Ву Ю мен жұдырықтасады. Отандасымыздың жекпе-жегін ата-анасы мен туыстары мамандандырылған жоғары спорт шеберлігі мектебінде тамашалайды.

Фото: Алма Мұқанова/Kazinform

Назым Қызайбайдың ата-анасы толқып отыр. Қайта-қайта сағатқа қарап, қыздары үшін уайымдауда. 

«Қызыма жеңіс тілеймін. Арманы орындалсын. Қызымнан жеңіс күтемін. Олимпиада ойындарына қатысу үшін көп еңбек етті. Сол еңбегі ақталады деген ойдамын»,- деді Назымның әкесі Абай Қызайбай.

Ал, анасы КәмшатАхетқызы Назым Парижге аттанғалы бері ұйықтамағанын айтады.

«Ана жүрегі алдамайды деп ойлаймын. Қобалжып отырмын. Жеңіс күтем. Қазақ ырымшыл халықпыз ғой. Қалғып кеткен кездері жақсы түс көріп жүрмін. Оны жақсылыққа жорып қойдым»,- дейді ол.

Жекпе-жек оңайға соқпайтыны анық. Оның қарсыласы қытайлық Ву Ю Азия ойындарының чемпионы, әлем чемпионы атанған тәжірибелі боксшылардың бірі.

Бұл – Назым Қызайбайдың алғашқы Олимпиадасы. Ол осыған дейін әлем чемпионатында 2 рет топ жарып, 1 рет үздік үштікті түйіндеген. Сондай-ақ Азия чемпионы атанған.

Назым Қызайбай Олимпиада ойындарында ең алғаш өткізген жекпе-жегінде Италия боксшысы Джордана Соррентиноны жарыс жолынан тайдырды

Ал екінші жекпе-жегінде бразилиялық қарсыласы Каролин Барбоза де Алмейданы 5:0 есебімен ұтып, ширек финалға шыққан болатын. https://kaz.inform.kz/news/parizh-2024-nazim-kizaybay-shirek-finalga-ott-e046ee/

Сонымен қатар ширек финалда Колумбия боксшысы Каролайн Барбозаны жарыс жолынан шығарып, жартылай финалға жетті.