Назым қолынан келгеннің бәрін жасады — бокстан әйелдер арасындағы жаттықтырушы

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматылық боксшы бүгін қытайлық қарсыласы Ю Вудан 4:1 есебімен жеңіліп, қола медаль иегері атанды. Осыған байланысты бокстан әйелдер арасындағы жаттықтырушы Гүлзара Азизова өз әсерімен бөлісті.

Фото: Сали Сабиров

«Назым қолынан келгеннің бәрін жасады. Қарсыластың да мықты екенін айта кеткен жөн. Назым Қазақстандағы жалғыз екі дүркін әлем чемпионы. Олимпиадаға қатысу үшін ұзақ еңбектенді. Бұл оның алғашқы Олимпиадасы және қола жақсы көрсеткіш. Бұл спортшы үшін де, жаттықтырушы үшін де үлкен еңбек», — деп бөлісті ол. 

50 келі салмақта отандасымыз жартылай финалда қытайлық Ву Юмен қолғап түйістіріп, төрешілер шешімімен ұтылды. Алайда, Олимпиада ойындарының қола жүлдесін қанжығасына байлады. Назымның бұл жүлдесі — ел қоржынына түскен үшінші қола медаль. 

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Назым Қызайбай Олимпиада ойындарында ең алғаш өткізген жекпе-жегінде Италия боксшысы Джордана Соррентиноны жарыс жолынан тайдырды

Ал екінші жекпе-жегінде бразилиялық қарсыласы Каролин Барбоза де Алмейданы 5:0 есебімен ұтып, ширек финалға шыққан болатын. 

Сонымен қатар ширек финалда Колумбия боксшысы Каролайн Барбозаны жарыс жолынан шығарып, жартылай финалға жетті. 

Бұл — Назым Қызайбайдың алғашқы Олимпиадасы. Ол осыған дейін әлем чемпионатында 2 рет топ жарып, 1 рет үздік үштікті түйіндеген. Сондай-ақ Азия чемпионы атанған.

Спортшы 1993 жылы 14 қыркүйекте дүниеге келді.