NCOC-дан 2,3 трлн теңге өндіріп алу ісі уақытша тоқтатылды

АТЫРАУ. KAZINFORM - NCOC компаниясынан 2,3 трлн теңге өндіріп алу үшін қозғалған атқарушылық іс уақытша тоқтатылды. Мұндай ақпарат атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпаратты жүйесінде белгілі болды.

Фото: NCOC

Ақпараттық жүйедегі мәліметке сүйенсек, мұнай-газ компаниясына қатысты іс 21 шілде күні қозғалған. Өйткені, «Норт Каспиан Оперейтинг Компани» компаниясы өздеріне қатысты қомақты айыппұлмен келіспейтінін мәлімдеп, халықаралық төрелік рәсімдерге жүгінген еді.

Атқарушылық іс 7 қыркүйек күні тоқтатылған. Ресми органдар оның нақты себебін атаған жоқ.

Фото: aisoip.adilet.gov.kz

Алдын ала мәлімет бойынша, борышкер есептелетін компания атқарушылық іс бойынша мемлекеттік айыптаушының әрекетіне қатысты сотқа шағым жазған. 

Қашаған ірі мұнай жобасына қатысты 2,3 трлн теңге (5,1 млрд доллар шамасында) көлеміндегі талапты ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі 2023 жылы күкіртті шамадан тыс сақтау фактілері бойынша енгізген еді.

Бұған дейін экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіпов атқарушылық құжатты орындау мерзімі 2 ай екенін айтты