NCOC Қазақстан Үкіметінің экологиялық айыппұлын халықаралық төрелікте даулайтындарын растады

Photo credit: NCOC

АСТАНА. KAZINFORM – Қашаған кен орнын игеруші NCOC компаниясы Kazinform сауалына жолдаған жауапта Қазақстан Үкіметінің экологиялық айыппұлын халықаралық төрелікте даулайтындарын растады.

 — NCOC компаниясы мен оның халықаралық акционерлері халықаралық инвестициялық келісімдер бойынша төрелік бастау туралы өтініш бергенін растайды. Компанияның пайымдауынша, Республика тарапынан күкіртті сақтауға байланысты рұқсат талаптарының болжамды бұзылуына байланысты қабылданған шаралар халықаралық инвестициялық келісімдер бойынша міндеттемелерге сәйкес келмейді. Атап айтқанда, инвесторларға әділ және тең құқықтық режим ұсыну міндеттемесі бұзылды деп санайды, — деп жазылған ресми мәліметте.

Компания мәліметінде NCOC бұл мәселені Қазақстан Үкіметімен келіссөз арқылы шешуге талпынғаны, бірақ нәтиже болмағаны айтылған.

NCOC күкіртті басқару және сақтау бағытындағы жұмысын Қазақстан Республикасының заңнамасына толық сәйкес жүргізгенін, компанияда барлық қажетті рұқсат құжаты болғанын мәлімдейді.

— Мәселені келіссөз арқылы реттеуге талпыныстар жасалғанымен, бұл әрекеттер нәтиже бермеді. Осыған байланысты халықаралық акционерлер халықаралық келісімдерге сәйкес арбитраждық іс жүргізуді бастауға мәжбүр болды, — делінген NCOC ақпаратында.

Айта кету керек, Қазақстан үкіметінің мұнай алпауыттарымен соттасып жатқанына бірнеше жыл болды

Еске салсақ, 2023 жылы North Caspian Operating Company компаниясына жүргізілген тексеру нәтижесінде күкірттің нормадан тыс, 1,02 млн тонна көлемінде сақталғаны анықталған. Рұқсат етілген 730 мың тонна күкірттің орнына 1 млн 750 мың тонна күкірт сақталған