Атырау облысы бойынша экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіповтың айтуынша, өткен жылы NCOC компаниясына қатысты 7 әкімшілік іс қозғалған. Жалпы айыппұл көлемі 2,3 трлн теңгені құрайды. Осы істер бойынша барлық сот отырысы аяқталған.
— Департаменттің барлық іс-әрекеті заңды деп танылды. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында 7 әкімшілік істің алтауы бойынша жалпы көлемі 1,5 млрд теңгені құрайтын айыппұл жергілікті бюджетке түсті, — деді Асқар Жүсіпов.
Өңірдің бас экологы Асқар Жүсіповтың мәліметіне сүйенсек, қалған бір іс, яғни 2,3 трлн теңге айыппұлды өндіру үшін мәжбүрлеп орындау туралы атқарушылық іс қозғалды. Қазір бұл іс Әділет департаментінің мемлекеттік сот орындаушыларының қарауында.
— Атқарушылық құжатты орындау мерзімі — 2 ай. 20 шілдеде Әділет департаментіне мәжбүрлеп өндіруге жолданды. Департаменттің сот орындаушылары атқару парағы бойынша атқарушылық іс қозғады. Мендегі ақпар бойынша NCOC компаниясының мүліктеріне тыйым салынды, — деп пікір білдірді Асқар Жүсіпов.
Еске салайық, компания айыппұлмен келіспейтінін мәлімдеп, халықаралық төрелік рәсімдерге жүгінсе, Қазақстан тарапы сот шешімі заңды күшіне енгенін және оны орындау міндетті екенін атап өтті
Айта кетейік, Қашаған ірі мұнай жобасына қатысты 2,3 трлн теңге (5,1 млрд доллар шамасында) көлеміндегі талапты ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі 2023 жылы күкіртті шамадан тыс сақтау фактілері бойынша енгізген еді.