ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің қатысуымен өткен отырыста риелторлық қызметті реттеу, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, адал бәсекелестікті қамтамасыз ету және заңнаманы жетілдіру мәселелері талқыланды.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, риелторлық қызметті реттеуге қатысты заңнаманы жетілдіру жұмыстары депутаттардың бастамасымен жүргізіліп жатыр. Осы бағытта министрлік риелторлық қызметті, риелторлық қызмет көрсету тәртібін, лицензиялау және мемлекеттік бақылау мәселелерін реттеуге бағытталған заңнамалық бастамалар бойынша Үкіметтің үш оң қорытындысын алды.
Тиісті заң жобаларын қарау барысында Үкімет риелторлық қызметті реттейтін жеке заң әзірлеудің қажеті жоқ екенін атап өтті. Сонымен бірге осы саладағы құқықтық реттеуді жетілдіріп, риелторлық қызмет алатын азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту қажет екені айтылды.
Қазір риелторлық қызметті реттеуге қатысты заң жобасы Қазақстан Республикасының Құрылтайында қаралып жатыр. Сонымен қатар риелторлық қызмет көрсету саласындағы кәсіби стандарт әзірленіп, келісу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Кездесуде риелторлық қызмет көрсету нарығына қатысты мәселелерге ерекше назар аударылды. Қоғамдық кеңес мүшесі Марлен Смаилов нарықтағы қызметті реттеудің ашық әрі түсінікті болуы, тұтынушылардың құқықтарын қорғау және риелторлардың жауапкершілігін күшейту қажет екенін айтты.
Саладағы өзекті мәселелердің қатарында риелторлардың бірыңғай мемлекеттік тізілімінің және міндетті аккредиттеудің болмауы, қызмет көрсетуге ортақ талаптардың белгіленбеуі, баға қалыптастырудың ашық еместігі және тұтынушылардың шағымдарын қарау тетіктерінің жеткілікті деңгейде реттелмеуі атап өтілді.
PANA қауымдастығының төрағасы Асет Айтбайдың айтуынша, риелторлық қызметті реттеуді жетілдіру бастамасын кәсіби қауымдастық осыдан екі жыл бұрын көтерген. Оның сөзінше, нарықтағы негізгі мәселелердің бірі – кәсіби талаптарға сай келмейтін делдалдардың көп болуы және алаяқтық жағдайларының кездесуі.
-Ұсынылып отырған барлық өзгерісті Қоғамдық кеңес мүшелерімен қосымша талқылаймыз. Құрылтай жанындағы жұмыс тобы аясында риелторлық қызметті реттеуге қатысты мәселелерді жан-жақты пысықтау жұмысы жалғасады, – деді ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.
Отырыстың тағы бір маңызды бөлігі отандық ет өңдеу саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселесіне арналды. Қоғамдық кеңес мүшелері импорттық шұжық өнімдерінің сапасына қатысты мәселе көтеріп, нарықтағы өнімдерге бақылауды күшейтуді ұсынды. Атап айтқанда, сауда орындарынан шұжық өнімдерінің үлгілерін тұрақты түрде алып, зертханалық тексеруден өткізу ұсынылды.
Сонымен қатар кеңес мүшелері нарықтағы кейбір тауарлардың шығу тегіне қатысты мәселені көтерді. Олардың айтуынша, тұтынушы кей жағдайда өнімнің қайда және кім өндіргенін, сондай-ақ оның нарыққа қалай келгенін анықтай алмайды.
-Сондықтан тауарлардың цифрлық картасының маңызы зор. Қазір біз тауардың қозғалысын нақты бақылауға мүмкіндік беретін Ұлттық тауарлар каталогын әзірлеу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл жүйе тауардың қайдан келгенін және одан әрі қайда бағытталғанын қадағалауға мүмкіндік береді. Үкімет экономиканы көлеңкеден шығару бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Бұл кешенді әрі уақытты қажет ететін процесс. Ал мұндай үдерістерді цифрландыру тауар қозғалысының ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді, – деді министр.
Отырыс соңында Қоғамдық кеңес мүшелері Ғалым Құсайыновтың өз еркімен Кеңес құрамынан шығу туралы өтінішін бірауыздан қолдады. Оның орнына Қоғамдық кеңес құрамына Қасымова Дана Темірханқызы кірді.
Осыған дейін риелторлар жаңа ережеге көшетіні туралы жаздық.