АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 44-ракеткасы Александр Недовесов сенсация жасап, Эшторил (Португалия) ATP 250 турнирінің финалына жолдама алды.
Отандасымыз эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге жартылай финалда жарыстың бірінші ракеткалары, бельгиялықтар Сандер Жилле – Йоран Флигенді жолда қалдырды.
Қазақстандық-эквадорлық дуэт 1 сағат 10 минутқа созылған бәсекеде азулы қарсыластарын 6:2, 6:4 есебімен жеңді. Олар 2 эйспен бірге 5 брейк-пойнттың үшеуін мүлт жіберген жоқ. Бельгиялықтар 2 эйспен шектелді.
Александр мен Гонсалоның финалдағы қарсыластары кейін анықталады. Соңғы бәсеке 7 сәуірге белгіленген.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Недовесовтің Португалиядағы жарыстың жартылай финалына өткенін жазған болатынбыз. Сондай-ақ Александр Бубликтің Монте-Карлодағы қарсыласы белгілі болды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).