Неге елдегі демалыс арзан емес – вице-министр жауабы

Фото: Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев Қазақстандағы демалыстың қымбаттығын бәсекенің жоқтығымен байланыстырып отыр. 

— «Неге Қазақстандағы демалыс шетелдегіден қымбатқа түседі? Неге қызмет көрсету деңгейі халықаралық стандарттарға сай емес?», деген сұрақтар жиі қойылады. Бізде бәсекелестік болмайынша, өзі аз ғана қонақ үй иелері сұраныс жоғарылағанда бағаны шарықтатып, қызмет көрсету сапасына мән бермейді, өйткені клиент бәрібір келеді. Бізге бәсекелі орта қажет. Мысалы, Шымбұлақ жалғыз болса — абонемент 15 мың теңге тұрады. Маңғыстаудағы жылы жағажайда Rixos жалғыз болса — әрқашан адам толы әрі қымбат болады. Бурабайдағы Rixos та өз саласында жалғыз болса — әрдайым қымбат әрі сұраныста болып қала береді. Сондықтан, бізге әртүрлі деңгейдегі көптеген қонақ үй қажет, − деді Ержан Еркінбеков Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министр бұл бағыттағы ең дұрыс қадам — жеңілдетілген несиелеу екенін айтып отыр. Осылайша, нарықта бизнес субъектілері көбейіп, қолжетімді әрі сапалы жаңа қонақ үйлер пайда болады. Ал тұтынушылар нашар қызмет көрсететін қонақ үйді емес, басқасын таңдай алады.

− Енді қарапайым халыққа қолжетімді инфрақұрылым салуға назар аударамыз. Сондықтан бұдан былай әдеттегі санаторийлер мен үш жұлдызды жайлы қонақ үйлерге көбірек көңіл бөлеміз. Ал бес жұлдызды люкс қонақ үйлер қажет болса, онымен бизнес айналысуы керек, − деді Ержан Еркінбеков.

Айта кетейік, соңғы 5 жылда Қазақстандағы туристер саны 7,5 есе өсті. Былтыр елімізге 15 млн-нан астам адам саяхаттап келген.

«Астана Концерт» компаниясының продюсері Мәлік Хасенов америкалық актриса және әнші Дженнифер Лопестің Астанада өтетін концертінен қанша экономикалық пайда түсетінін айтты.