Неге шет мемлекеттер алтын қорын АҚШ-та сақтайды

Коллаж: Kazinform / Pexels

АСТАНА.KAZINFORM – Бүгінде АҚШ өз алтын қорынан бөлек, шет мемлекеттердің алтын резервтерін де сақтап отырған әлемдегі жетекші орталықтардың бірі болып саналады. Дегенмен соңғы жылдары бірқатар мемлекет өз алтын қорын елге қайтаруға белсене кіріскен. Аталған мәселенің мән-жайы Kazinform тілшісінің материалында.

Әлемдегі ең ірі алтын қоймалары

World Gold Council мәліметіне сәйкес, әлемде банктерде сақталған алтын көлемі шамамен 31 мың тонна. Соның ішінде 8133,5 тоннасы АҚШ-қа тиесілі. Бұл – жаһандық алтын қорының 26,2 пайызы.

АҚШ аумағында әлемдегі ең ірі әрі сенімді күзетілетін алтын сақтау қоймалары орналасқан.

Нью-Йорк қаласындағы Федералдық резерв банкі – әлемдегі ең ірі алтын сақтау қоймаларының бірі. Мұнда шамамен 6700 тонна бағалы металл сақтаулы.

Қоймада 30-дан астам шетелдік мемлекет пен халықаралық ұйымның (соның ішінде Халықаралық валюта қоры – ХВҚ) алтыны сақталады. Айта кетерлігі, АҚШ-тың өз алтын қоры бұл банкте іс жүзінде сақталмайды.

Қауіпсіздік деңгейі аса жоғары нысан жер астында 25 метр тереңдікте орналасқан. Қойманың кіреберісін салмағы 90 тонна болатын болат есік қорғайды. Қауіпсіздік жүйесі мен күзетті Федералдық резерв жүйесінің арнайы бөлімшелері қамтамасыз етеді.

Кентукки штатында орналасқан Форт-Нокс алтын қоймасы әлемдегі ең қорғалған нысандардың бірі саналады. Қойма АҚШ Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери база аумағында орналасқан.

Қазір мұнда АҚШ-тың ресми алтын қорының шамамен 50 пайызы – 4580 тонна бағалы металл сақтаулы. Бұл алтын АҚШ Қаржы министрлігіне тиесілі.

Қойма қабырғалары 1,2 метрлік граниттен тұрғызылған. Нысанның негізгі кіру есігі 22 тонна салмақты құрайды. Қауіпсіздік шаралары жоғары деңгейде ұйымдастырылған – әскери күзетшілер, бейнебақылау жүйесі, түрлі датчиктер, қоршаулар мен жерасты қауіпсіздік жүйелері қорғап тұр.

Денвердегі монета сарайы – шамамен 400 тонна алтын сақталады, сондай-ақ, айналымдағы және коллекциялық монеталар соғылады. Аталған қойма АҚШ Қаржы министрлігіне тиесілі.

Вест-Пойнттағы қойма – АҚШ алтын қорының 21 пайызы, яғни 1700 тоннасы осында.

Филадельфия мен Сан-Франциско монета сарайлары – негізінен монета шығару және аздаған алтын қорын сақтау қызметін атқарады (шамамен 1400 тонна).

Фото: DALL-E

Көптеген мемлекеттің алтын қорын АҚШ-та сақтауының бірнеше тарихи және экономикалық себептері бар.

Біріншіден, бұл үрдіс Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасты. 1944-1971 жылдар аралығында әрекет еткен Бреттон-Вуд жүйесі кезінде алтын долларға байланған болатын (1 унция = 35 доллар). Осы кезеңде елдер өз алтындарын АҚШ-қа жеткізіп, оның орнына доллар алуға тырысты.

Сонымен қатар Еуропа елдері соғыстан кейінгі қалпына келу үшін АҚШ-тан экономикалық көмек (Маршалл жоспары) алды. Бұл да олардың қаржы активтері мен алтын қорларын АҚШ-тың қаржы жүйесінде орналастыруына әсер етті.

Екіншіден, Нью-Йорктағы Федералдық резерв банкіне (ФРБ) деген сенім жоғары. Ондағы қауіпсіздік жүйесі, логистикасы мен есеп жүргізу әдістері алтын сақтауда эталон болып саналады. Сондай-ақ алтынды елдер арасында тасымалдағаннан гөрі, Нью-Йорктағы бір қойма ішіндегі есепшоттар арасында ауыстыру әлдеқайда тиімді болды. Бұл қазіргі заманғы банктік жүйенің негізін қалаған тәсіл.

Үшіншіден, геосаяси серіктестік те маңызды рөл атқарады. АҚШ-та алтын сақтау НАТО шеңберіндегі сенім белгісі немесе ғаламдық қаржы жүйесіндегі стратегиялық қатысу үлгісі ретінде қарастырылады. Бұл алтын қорын төтенше жағдайда ұлттық валютаны қолдау, несие алу немесе келіссөздер жүргізу мақсатында пайдалануға мүмкіндік береді.

Төртіншіден, АҚШ ұзақ жылдар бойы сенімді, тұрақты және бейтарап құқықтық аймақ ретінде танылып келді. Дегенмен соңғы жылдары, әсіресе 2016 жылдан кейін бұл сенім біртіндеп әлсірей бастады.

Бесіншіден, АҚШ-та алтын сақтау бағасы салыстырмалы түрде арзан. Шетелдік мемлекеттер ФРБ Нью-Йоркта алтын сақтау үшін символикалық мөлшерде ғана комиссия төлейді – бір слитокқа (12,4 кг) жылына шамамен 1,75-2,50 АҚШ доллары.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Мәселен, 1000 тонна алтын үшін (шамамен 80 645 алтын құймасы) бұл комиссия 140-200 мың доллар шамасында. Бұл – құны миллиардтаған доллар болатын алтын қорымен салыстырғанда өте төмен шығын (жылдық 0,0003%).

Айта кетерлігі, АҚШ бұл қызметтен табыс табуды көздемейді. Бұл - долларлық жүйеге деген сенімді нығайтудың бір тетігі. Алтын қорларын АҚШ-та сақтау арқылы елдер америкалық қаржы архитектурасымен тығыз байланыс орнатады. Бұл - Вашингтонның «жұмсақ күш» құралы.

Алтын қорын елге қайтару үрдісі

Соңғы жылдары бірқатар мемлекет өз алтын қорын АҚШ пен басқа шетел қоймаларынан елге қайтаруға шешім қабылдады. Бұған бірнеше себеп бар:

– АҚШ-тағы саяси тұрақсыздық және Федералдық резервке саяси қысым

– санкциялар салдарынан активтердің бұғатталу қаупі мысалы, Ресей мен Венесуэла жағдайында

– ұлттық қаржылық егемендікті арттыру ниеті

Германия АҚШ-тағы алтын қорларын елге қайтаруды жоспарлап отыр. Берлин ұзақ жылдар бойы өзінің алтын қорларының көп бөлігін Нью-Йорк пен Париждегі шетелдік қоймаларда сақтап келген. Алайда, Дональд Трамптың сауда соғысын бастап, жауаптық баж салығын енгізуінен кейін әлем елдері оның іс-әрекетін болжау және салдарын бағалау қиынға соғып отыр.

2013 жылдан бастап Германияның Орталық банкі шетелдегі алтынның бір бөлігін елге қайтару жұмыстарын бастап, 2020 жылға дейін Нью-Йорктің Федералдық резерв банкінен шамамен 300 тоннаны, Парижден 374 тоннаны Франкфуртке жеткізді. Қазіргі уақытта Берлин тағы 1200 тоннаны отанға қайтару үстінде.

Италия да осындай шешім қабылдап, алтын резервтерінің 43 пайызын АҚШ-та сақтап келген еді.

Фото: Kazinform

Соңғы бес жылда (2019-2024) бірнеше елдер өздерінің алтын қорларын шетелдік қоймалардан, соның ішінде АҚШ-тан алып кеткен. Мысалы, Польша 2019 жылы АҚШ пен Ұлыбританиядан шамамен 100 тоннаны тасымалдады.

2024 жылғы мамырда Үндістан да Лондон мен Нью-Йорктегі қоймалардан шамамен 100 тонна алтынды қайтарды. Бұл шешім санкциялар мен активтердің қатыру қаупінен туындады.

Румыния 2019-2021 жылдары шамамен 60 тоннаны елге қайтарды.

Нидерланд 2019 жылы Нью-Йорк Федералдық резерв банкінен 122,5 тоннаны алды.

Ал Австрия 2015 жылы Ұлыбритания мен АҚШ-тен 140 тонна алтынды репатриациялауды жариялаған.

Бұл елдердің алтындарын елге қайтаруға ұмтылуы АҚШ-тағы саяси тәуекелдерге, монетарлық егемендікке деген ұмтылысқа және әлемдегі геосаяси шиеленістің күшеюіне байланысты. Қазіргі жағдай көрсетіп отырғандай, АҚШ-тағы алтынды сақтау сеніміне қысым түсуде және бұл мәселе шетел елдерінің күн тәртібінде қалары анық.

Бұған дейін, ЕО мен АҚШ арасындағы келісім АҚШ-қа әкелінетін еуропалық тауарлардың көпшілігіне 15 пайыздық баж салығын қарастырып отырғанын хабарлағанбыз.

Сонымен қатар Астанадағы аффинаждау зауытында күн сайын 999,9 сынамалы, салмағы 12 келі болатын таза алтын құймалары шығарылады. Бұл құймалар Қазақстанның алтын қорын толықтыратынын жазғанбыз.