Неге зауыттар ғалымдардың ашқан жаңалығын пайдалануға асықпайды

Фото: Фото: Мұрат Аяған / Kazinform

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ғылым мен өндіріс үздіксіз байланыста болуы керектігін заманында ғұлама Қаныш Сәтбаевтің өзі айтып кеткен. Домбыраның қос шегіндей бұл екі сала өзара үйлесімде болмаса, өндірістің бәсекесі төмендеп, өзекті мәселелер бой көрсете бастайды. Павлодарлық ғалымдардың бұл бағыттағы ізденісі кісі қуантарлықтай.

 

Химия ғылымының кандидаты, қауымдастырылған профессор Мәдениет Елубай Ертіс-Баян өңіріндегі жаратылыстану ғылымын дамытуға зор үлесін қосып отырған ғалымның бірі. Ол бүгінде Торайғыров университеті Жаратылыстану ғылымдары факультетінің деканы, 50-ден астам ғылыми еңбектері жарық көрген.

Маманданған ғылыми зерттеу саласы — катализ, мұнай-химия, қалдықтарды қайта өңдеу. Оның жетекшілігімен жас ғалымдар жергілікті кәсіпорындар үшін тың жобалар әзірлеп, жаңа өндірістік шешімдер ұсынуда. Бірқатар жоба мұнай-газ, химия, металлургия саласындағы ірі өндірістерде енгізіліп те үлгерген.

Өндірістермен шаруашылық тақырыптарын көтеру, өндірістік есептер құру, ғылыми жобаларды талқылау сияқты байланыс бүгінде жақсы қолға қойылған. Бұдан біраз уақыт бұрын университет ғалымдары «Нефтехим LTD» кәсіпорнына қажет реактордың есептерін жасап, ұсынған. Одан бөлек, көптеген кәсіпорындарға экологиялық есептеулер жасаған.

Фото: Мұрат Аяған / Kazinform

— Ғалымдарымыздың қатысуымен мұнай-химия зауытындағы мұнайды бастапқы тазалау кезіндегі электр тұзсыздандыру қондырғысының есептеулерін шығарып бердік. Яғни реагенттерді беруді оңтайландырдық. Қазір Ғылым және жоғары білім министрлігінің тапсырысы бойынша бес бірдей жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Маңызды жобалардың бірі — өндірістегі су ағындарын оңтайландыру. Өңірде су ресурстарын мейлінше көп тұтынатын өндірістер баршылық. Соларға судың көлемін азайту бойынша жас ғалым Иван Раделюк тиімді ұсыныстар әзірледі. Әрине, бизнес үшін ең әуелі табыс пен пайда маңызды. Біздің ұсыныстарымызға жергілікті зауыттар қызыққанымен оларды жаңа әдіс-амалдар қаражатты қаншалықты үнемдеп, тиімділік көрсетеді деген сұрақ мазалайды. Соңғы стандарттарға сәйкес, қазір кез келген кәсіпорында пайдаланылатын су толық тазартудан өтуі керек. Әрі тазартудан өткен судың сапасы күнделікті тұтынатын тіршілік нәрімен теңесуі тиіс. Бұл ғалым ретінде бізді қуантады. Ендігі кезекте су тұтынуды үнемдеу технологиясын енгізу күн тәртібінде тұр, — дейді ғалым.

Павлодар облысы қоршаған ортаны ластайтын заттардың шығарындылары бойын­ша елімізде көш бастап тұр. Өндіріс қалдықтары мен түрлі күл-қоқыстың 30 пайызы, яғни 730 мың тоннасы осы аймаққа тиесілі.

Ал отын-энергетика саласындағы бұл көрсеткіштің үлесі тіпті сорақы - 65 пайыздан асады. Экологтардың пайымдауынша, аймақта шамамен 700 млн тоннадан астам өндірістік қалдықтар жиналып қалған.

Жыл сайын күл үйінділерінен шамамен 7,5 млн тонна пайда болады. Осыған байланысты облыста өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу бойынша мәселелер қалыптасып отыр.

Мәдениет Елубай өндірістік қалдықтарды кәдеге жарату бойынша бірқатар жобаларды қолға алған. Айтуынша, тау-тау болып үйілген қоқыстың бәрін қайта өңдеуге отандық ғылым да, өндіріс те әзірше қабілетсіз.

Түптеп келгенде ондай технология жоқтың қасы. Тек экологияға зор қауіп тудырып тұрған мұндай үйінділердің көлемін азайтуға болады.

Фото: Мұрат Аяған / Kazinform

— Мысал үшін Екібастұздағы көмір кеніштерінің маңында жал-жал болып үйілген кен жыныстарының ауқымы өте үлкен. Қарапайым адам оның құрамында темір, кремний, алюминий оксидтері және басқа да металдар мен минералдар бар екенін білмейтіні анық. Бірақ бұл элементтердің бәрі аз ғана көлемде. Оларды айырып алу кез келген зауыт немесе цех үшін тиімсіз болар еді. Сондықтан өндірістік қалдықтардан құрылыс материалдарын жасауға көбірек көңіл бөлуіміз керек. Бірақ бұл жерде жасалатын материал құрамындағы әлгіндей қалдықтардың мөлшері 20-30 пайыздай ғана болатынын ескерген абзал. Кірпіш, кеспетас жасау үшін беріктігін нығайтатын цемент, құм қоспай болмайды. Ақсу ферроқорытпа зауытында жоғары көміртекті феррохромның қожы қайта өңделіп, қазір онда полимерлі кеспетастар өндірісі жолға қойылған. Полимер ыстыққа төзімсіз болғандықтан оны тек кеспетасқа ғана пайдалана аламыз. Полимер тез еритін зат болғандықтан біз оның қасиеттерін үздіксіз зерттеп келеміз. «Металл органикалық полимерлер» деген болады. Бұларды дәрі-дәрмекті белгілі бір ағзаларға жылдам жеткізу үшін медицинада, қауіпті заттарды тасымалдауда, және т. б. салаларда қолданудың келешегі зор деп есептеледі. Тағы бір ғалымымыз вольт амперлік әдістермен кен құрамындағы бағалы металдарды анықтау жобасын бастап кетті. Мұндай жобалар мемлекеттік тапсырыс арқылы қаржыландырылып, зерттеу мен сынақ өткізу үшін құрал-жабдық сатып алып жатырмыз. Бүгінде зертханаларымыздың жабдықталуы көңіл толарлықтай түрленіп келеді, — деп әңгімесін жалғады ғалым.

Университет мамандары шұғылданып жатқан тағы бір жоба — PM 2,5 бөлшектерінің ерекшелігін зерттеу (авторы — И.Раделюк). Бұл — қатты микробөлшектер мен сұйықтықтың ұсақ тамшыларынан тұратын ауа ластағышы.

Мұндай ауа тозаңдары экологиялық жобаларды жүзеге асыру үшін тиімді. PM 2,5 бөлшектерін пайдалана отырып, ауадағы қауіпті қалдықтардың мөлшерін азайтудың амал-айлаларын табуға болады деген сенімде ғалымдар.

Фото: Мұрат Аяған / Kazinform

Отандық ғылымдағы маңызды мәселенің бірі — өңірлік ғылымның дамуы. Академик Қаныш Сәтбаев тек зерттеу қызметінің ғана емес, сонымен бірге оның нәтижелерін өндіріске енгізудің жоғары өнімділігі мен тиімділігіне апаратын ең қысқа жол деп есептеп, ғылымды өңірлерде дамытуға ұмтылғаны кездейсоқтық емес.

Дәл осы тәсілдің арқасында өткен ғасырдың 60-80-шы жылдары аралығында Қазақстан экономикасында қарышты қадамдар жасалғаны белгілі. Ендеше бұл үрдіс неге үзіліп қалды?

Павлодарлық ғалымның пікірінше, өңірдегі өндіріс орындарының ғылымнан қол үзуіне өткен ғасырдың соңындағы тоқырау кезеңі себеп болған. Экономикадағы құлдырау зауыттардың ғылымға деген сенімін жоғалтты.

Бәсекенің болмауы, жарқын дамуға деген сенімсіздік көп кәсіпорындардың оқшаулануын тудырып қана қойған жоқ, олардың бей-берекетсіз жұмыс істеп, ақыр-соңы жабылып қалуына алып келді. Ал тоқыраудан аман шыққан кейбір өндірістік еңбек ұйымдары үшін ғылым — әлі күнге шығыны шаш-етектен келетін сала ретінде байқалатыны рас.

Бұл теріс үрдістің шылауынан көбіне шағын кәсіпорындар арыла алмауда. Тек ірі зауыттар ғана бүгінде ғылымның көмегіне сүйенуге әрекеттеніп, өндірістік технология мәселелерін шешуге жергілікті жерден көмек алып отыр.

Тағы бір кемшілік, отандық өндірістер жергілікті ғалымдармен бірлесіп, жаңа әзірлемелер жасаудың орнына дайын жобаларды шеттен сатып ала салғанды құп көретіні де жасырын емес. Мұндай «қажетсіздік», сұраныстың болмауы мықты деген ғалымдарымыздың тарыдай шашылып кетуіне әсер еткен.

Фото: Мұрат Аяған / Kazinform

Профессор Мәдениет Елубай бүгінде университетте ғалымдардың жаңа буыны өсіп келе жатқанын жеткізді. PhD докторлары Римма Уәлиева, Нариман Мапитов, Иван Раделюк, Жәмила Фазлутдинова, Алина Фаурат, докторантура студенті Сәбит Маусымбаев және өзге де жас ғалымдар жаратылыстану бағытындағы ғылым көкжиегінде жарқырай көрініп, ғылыми ізденістерін өндіріс пен күнделікті өмірге сыналап енгізуге тырысып бағуда.