Неге жаңа көліктер жиі өртенеді — ТЖД жауабы

АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Ғабит Бабаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында жаңа көліктерде өрт неге жиі болатынын айтты.

Фото: Қызылорда облысының ТЖД Өрт сөндіру және авариялық - құтқару жұмыстары қызметінен

— Жыл басынан бері қалада 400 өрт оқиғасы тіркелген. Былтырғы кезеңмен салыстырғанда 7,4 пайыз азайған. Оны ішінде 102 өрт автокөлікте орын алған. Бұл жалпы өрттің 25,5 пайызы деген сөз. Былтырғымен салыстырғанда 3,7 пайыз азайған. Осы 102 өрттің екеуінде екі адам қаза болды. Оның біреуі — бала. Сонымен қатар 5 адам жарақат алған, — деді ол.

Полиция өкілі көлікте тіркелген өрттің 81 пайызы қозғалтқыш бөлігінен басталғанын атап өтті.

— Өйткені бұл бөлікте электр сымдары мен жанғыш заттар көп. 71 пайыз өрт жеңіл автокөлікте болған. Оның көбі 2008-2013 жылы шыққан көліктер. Көлікте тұтанған өрттің 85 пайызы электр сымдарының қысқаша тұйықталуынан болады. Жаңа көліктерде полимерлі заттар көп болғандықтан өрт жиі тұтанады және 5-6 минуттың ішінде жанып кетеді, — деді Ғабит Бабаев.

Бұған дейін Түркістан облысында жыл басынан бері 139 өрт оқиғасы тіркелгенін жазған едік.