Негізгі 3 мұнай компаниясы жылдық жоспарды неліктен орындай алмады

Фото: tengizchevroil.com/psa.kz/kbv.kz/freepik

АСТАНА. KAZINFORM – Жыл қорытындысы бойынша мұнай өндіру 87,8 млн тонна деңгейінде жоспарланған. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты.

- 2024 жылғы қаңтар-қараша айында мұнай мен конденсат өндіру көлемі 80,5 млн тоннаны немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 98 пайызды құрады, - деді министр.

Министрдің дерегінше, мұнай-газ саласының ірі компаниялары өндірген өнім көлемі мынадай:

• Теңіз кен орнында аталған кезеңде 25,9 млн тонна;

• Қашағанда 15,8 млн тонна;

• Қарашығанақта 11,1 млн тонна мұнай өндірілді.

- Өткен жылмен салыстырғанда өндіру деңгейінің төмендеуіне 2024 жылы ірі кен орындарында күрделі жөндеулер жүргізу әсер етті: Теңізде Келешекте кеңейту жобасының жоспарланып отырған іске қосылуына байланысты мамыр және тамыз айларында жалпы ұзақтығы 50 күн, Қашағанда 21 күнге толық тоқтай отырып, слаг-кэтчерді ауыстыру бойынша жөндеу жүргізілді. Бұдан басқа, Қарашығанақ кен орнындағы өндірістің төмендеуіне жоспардан тыс тоқтатулар мен Орынбор газ өңдеу зауытының газды қабылдауды шектеуі, Каспий құбыр консорциумының жоспарлы-профилактикалық жұмыстарға тоқтауы әсер етті, - деді Алмасадам Сәтқалиев.

Оның дерегінше, аталған жайттарға байланысты жыл қорытындысы бойынша мұнай өндіру 87,8 млн тонна деңгейінде күтіледі.

- Жоспарлы өндіру көрсеткішіне қол жеткізбеу мұнай экспорттауға да әсер етті. Мәселен, есепті кезеңде 63,2 млн тонна мұнай экспортталды немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 98,3 пайыз, - деді ол.