Негізгі заңның мәтіні баршаға түсінікті әрі қолжетімді тілмен жазылуы тиіс — Әділет министрі

Фото: Конституциялық сот

АСТАНА. KAZINFORM — Ұсыныстардың ауқымы мен талқылаудың тереңдігі жаңа Конституцияға көшу үшін объективті негіз қалыптастырып отыр. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев айтты. 

— Негізгі заңның мәтіні баршаға түсінікті әрі қолжетімді тілмен жазылуы тиіс екендігіне ерекше назар аударған болатынмын. Бүгін біз адамды, оның өмірі, құқықтары мен бостандығы басты құндылық ретінде айқындайтын Әділетті Қазақстанның конституциялық құндылықтарын нақты бекітуді қажет ететін жаңа саяси-құқықтық жағдайда тұрмыз. Бүгін талқыланып отырған түзетулер Конституцияның бүкіл құрылымын — преамбуладан бастап қорытынды және өтпелі ережелерге дейін қамтиды, — деді министр.

Оның мәліметінше, өзгерістер қолданыстағы Конституция мәтінінің 80 пайыздан астамын қозғайды. Ал мәтіннің жартысынан астамы өзгертілген жағдайда жаңа редакция қабылдау қажеттілігі туындайды.

— Ең маңыздысы, біз жекелеген түзетулерді талқылап отырған жоқпыз. Біз елдің басты жария-құқықтық актісі. Негізгі заңның архитектурасын қайта талқылап жатырмыз. Ұсыныстардың ауқымы мен талқылаудың тереңдігі жаңа Конституцияға көшу үшін объективті негіз қалыптастырып отыр. Бұл конституциялық модельді кешенді әрі ішкі тұрғыдан үйлесімді жаңартуды білдіреді. Осыған байланысты сіздердің қолдауларыңызбен сөз Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау жайында болуы керек, — деді Ерлан Сәрсембаев.

Бұған дейін Әділет министрі Конституцияда заң көмегін көрсету түрлерін «тегін» деген сөзбен шектемемеу керектігін айтқан еді.