Некеге тұрмас бұрын неге ерекше мән берген жөн – адвокат кеңесі

Коллаж: Kazinform / Freepik

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Қазіргі қоғамда неке қию мен некені бұзу мәселесі өзекті. Ерлі-зайыптылардың ажырасуына көбіне не себеп? Солтүстік Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының мүшесі Ольга Гаврик тілші сұрақтарына жауап берді.

— Ольга Николаевна, берік некенің негізі неде?

— Отбасы құрар алдында тек сезімге бой бермей, ортақ құндылықтар мен өмірлік жоспарды да естен шығармау аса маңызды. Ерлі-зайыптылар арасындағы түсініспеушілік, әсіресе қаржы мәселесінің алдын ала талқыланбауы өкінішке ұрындырып жатады. Әрине, өмірлік серікті таңдауға байыппен қарау қажет, ал ең маңызды мәселелерді некеге дейін-ақ талқылап, ашық айтылуы керек. Әңгіме барысында сіздерде құндылықтар мен басымдықтардың қаншалықты ұқсас екенін аңғаруға болады.

Тәжірибелі заңгер ретінде серігіңізбен мына қаржылық мәселелерді алдын ала талқылауға кеңес берер едім:

  • Отбасылық бюджетті қалай жүргізесіздер? Ол ортақ бола ма, бөлек пе, әлде барлық табыс теңдей бөлінеді ме?
  • Болашақ жарыңыз несиелерге қалай қарайды? Егер несие алынса, қандай мақсатта алынуы тиіс?
  • Қазіргі уақытта қарыздар бар ма? Егер бар болса, некеде алынған және болашақтағы несиелерді өтеу міндеті кімге жүктеледі?
  • Серіктесіңіз неге басымдық береді — шетелге демалысқа бару ма, әлде ипотека алу ма?
  • Неке шартына отырасыздар ма?

Сіз де, серігіңіз де несиелік міндеттемелердің бар-жоғы және оларды қалай өтейтініңіз жөнінде толық хабардар болуы керек. Әсіресе бизнес болған жағдайда бұл мәселе алдын ала талқылануы тиіс, бұл болашақта мүддеңізді қорғауға көмектеседі.

Фото Ольга Гаврюктің жеке архивінен

— Некеге тұрғаннан кейін ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттері қандай?

— Неке тіркелген күннен бастап ерлі-зайыптылар тең құқыққа ие болып, тең міндеттер атқарады. Ерлі-зайыптылар өз қалауы бойынша біреуінің тегін ортақ етіп таңдай алады немесе әрқайсысы некеге дейінгі тегін сақтайды, сондай-ақ ерлі-зайыптылардың бірі (немесе екеуі де) өз тегіне жұбайының тегін қоса алады, бұдан бөлек қызмет түрін, мамандығын және діни сенімін еркін таңдау құқығы бар.

Ешкім өзіне, жұбайына және жақын туыстарына қарсы айғақ беруге міндетті емес. Ана болу, әке болу, балаларды тәрбиелеу, білім беру, тұрғылықты жерін анықтау, ерлі-зайыптылардың тұратын және болатын орны, сондай-ақ отбасы өміріне қатысты өзге де мәселелер ерлі-зайыптылардың өзара келісімімен шешіледі.

Ерлі-зайыптылардың негізгі міндеттеріне келер болсақ: отбасындағы қарым-қатынас өзара құрмет, сыйластық негізінде құрылуы тиіс. Жұбайлар отбасының берекесі мен нығаюына ықпал етіп, балалардың денсаулығына, дамуына және әл-ауқатына қамқорлық жасауы керек.

Заңнамаға сәйкес ерлі-зайыптылар бір-біріне материалдық қолдау көрсетуге міндетті. Өз еркімен қолдаудан бас тартқан кезде, мәселен, еңбекке жарамсыз болса, жүктілік кезеңінде және ортақ бала туғаннан кейінгі үш жыл ішінде, 18 жасқа дейінгі мүгедек ортақ балаға күтім жасаса, сондай-ақ ортақ бала кәмелет жасына толғаннан кейін оған бірінші немесе екінші топтағы мүгедектік белгіленген жағдайда сот арқылы жұбайынан алимент ала алады.

— Неке шартына отыру қаншалықты маңызды? Некені тіркегеннен кейін неке шартын жасауға бола ма?

— Менің ойымша, неке шартына отыруда қорқынышты еш нәрсе жоқ. Оны кейбіреулер махаббаттың әлсіздігінің белгісі ретінде қабылдап жатады. Жыл өткен сайын неке шартын жасайтындардың саны артып келеді. Егер неке шартын жасау туралы шешім қабылданса, онда екі тарап та шартта қандай талаптарды көргісі келетінін бірге талқылауы қажет.

Неке шарты арқылы ерлі-зайыптылар Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленген ортақ бірлескен меншік режимін өзгертуге құқылы. Бұл ерлі-зайыптылардың барлық мүлкіне, оның жекелеген түрлеріне немесе әрқайсысының жеке мүлкіне қатысты ортақ, үлестік немесе бөлек меншік режимін белгілейді. Неке шарты ерлі-зайыптылардың қолындағы бар мүлікке де, болашақта пайда болатын мүлікке де қатысты жасалуы мүмкін.

Фото: pixabay.com

Неке шартында ерлі-зайыптылар бір-бірін асырау бойынша құқықтары мен міндеттерін, бір-бірінің табысына қатысу тәсілдерін, отбасылық шығындарды әрқайсысының қандай тәртіппен көтеретінін айқындай алады. Сонымен қатар некені бұзған жағдайда әр жұбайға қандай мүлік берілетіні көрсетілуі мүмкін. Бұдан бөлек, ерлі-зайыптылардың мүліктік қатынастарына, сондай-ақ осы некеде туған немесе асырап алынған балалардың мүліктік жағдайына қатысты өзге де ережелерді енгізуге болады.

Егер некеге дейін жұмыс істеп тұрған бизнеске ие болсаңыз, не болмаса некені тіркегеннен кейін кәсіпкерлікпен айналысуды жоспарласаңыз, бұл жағдайда неке шартын жасауды ұсынар едім. Ол жеке мүлікті қорғауға, қарым-қатынаста айқындық орнатуға және тек сіздің ғана емес, балаларыңыздың да қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі.

Неке шартына неке кезеңінің кез келген уақытында отыруға болады. Ал мұндай шарт некеге тұрғанға дейін жасалса, онда ол некені мемлекеттік тіркеу күнінен бастап күшіне енеді.

Бұған дейін Қазақстанда неке жасы ұлғайып, азаматтық неке көбейгенін жазған едік.