Неліктен кәсіпорындар жасөспірімдерді жұмысқа алғысы келмейді
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев жасөспірімдерді жұмыспен қамту мәселелерін көтеріп, оларға арнайы жаңа сақтандыру класын енгізуді және жұмыс берушілерді ынталандыруды ұсынды.
– Үйірмеден де, еңбектен де тыс қалған жасөспірімдер уақытын тек гаджетке арнап, көше кезіп, түрлі қауіп-қатерге тап болады. Бұл – экономика мәселесі ғана емес, ең алдымен құндылықтар қағидаты. Қазіргі таңда елімізде 16 жастан асқан 2 миллионнан астам жас өрен бар. Олардың ішінде еңбек еткісі келетіндері аз емес, бірақ жұмыс берушілердің есігі жабық, – деп атап өтті депутат.
Елдегі Еңбек кодексі жасөспірімдермен 16 жастан бастап, ал ата-анасының рұқсатымен 14 жастан бастап еңбек шартын жасасуға мүмкіндік береді. Бірақ іс жүзінде депутат бұл норма жұмыс істемейтінін айтуда. Көптеген жұмыс берушілер оларды қызметке алудан, тіпті практикаға қабылдаудан тартынады.
– Қолданыстағы міндетті сақтандыру жүйесі тек кәмелетке толғандарға ғана қолданылады. Ал жасөспірімдер құқықтық жағынан қорғансыз қалады. Соның салдарынан олар көбіне «көлеңкелі» жұмыспен айналысады: курьер, даяшы, жеткізуші болып еңбек етеді және еңбек құқығы қорғалмайды. Сондықтан жұмыс істейтін жасөспірімдерге арналған жаңа сақтандыру класы енгізілуге тиіс. Осы мәселе бойынша арнайы заңға енгізілетін түзетулерді дайындадық, – деді Н. Сәрсенғалиев.
Сонымен бірге, жасөспірім қызмет ететін кәсіпорын автоматты түрде тексеріске ұрынады және қосымша әкімшілік кедергілерге тап болады. Көптеген кәсіпорындар санкциядан қауіптеніп, оларды қабылдамайды.
– Мысалы, дуальды оқыту жүйесіндегі колледж студенттері практикаға шыға алмаған, себебі кәсіпорын 16 жастағыларды қабылдаудан бас тартқан. Сондықтан бақылау алгоритмін қайта қарау қажет: ол қорқыту емес, қолдау тетігі болуы керек. Жұмыс берушілерді ынталандыру қажет. Мысалы, жасөспірімдердің жалақысына кеткен шығындарды салықтық шегерімге жатқызу немесе дуальды оқыту арқылы жұмысқа қабылдағандарды қолдау тетіктерін қарастыру керек, – деді ол.
Мәжіліс депутаты репетитор, кеңесші, бағдарламашы, курьер ретінде табысты еңбек етіп жүрген жасөспірімдер үшін «Өз-өзін жұмыспен қамтыған жастар» арнаулы мәртебесін енгізуді де ұсынды.
– Олардың еңбектері есептеліп, мемлекет тарапынан әдістемелік қолдау көрсетілуге тиіс. Мектеп қабырғасынан бастап жинақталған ресми еңбек өтілі үшін (мысалы, 100 сағаттан бастап) колледждер мен ЖОО-на түсу кезінде қосымша балл беру секілді тетіктерді қарастыру керек. Мұндай тәсіл жасөспірімнің еңбегін қарапайым табыстан стратегиялық инвестицияға айналдырады, – дейді Н. Сәрсенғалиев.
Сонымен бірге, депутат «Jas Enbek» цифрлық платформасын – жұмысқа орналасуға арналған бір терезе қағидатын енізуді, «Өңірдің үздік жас қызметкері» байқауын бастауды ұсынды. Жеңімпаздарға әкімдіктер тарапынан берілетін жыл сайынғы сыйлықтар мен марапаттар еңбексүйгіш жасөспірімдерді ынталандыру құралына айналуы керек.
Айта кетейік, елімізде еуропалық ESCO моделіне негізделген Цифрлық құзыреттер банкі құрылады. Яғни Еуропада маман қалай даярланса, Қазақстанда да сол стандарттар сақталады.