Неліктен Қазақстан көрші елдермен су мәселесін шеше алмай отыр
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның көрші елдермен су бөлу, жіберу мәселесін реттейтін ортақ келісімі бар. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі су ресурстарын пайдалануды реттеу департаментінің басшысы Сәкен Әтел мәлім етті.
Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында «Неліктен Қазақстан Қытай, Өзбекстан елдерімен суды әділ бөлу туралы келісімге келе алмай отыр? Министрлік жағдайды қалай бақылайды?» — деген сауал қойылды.
— Бізде көршілес Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан елдерімен келісім бар. Мысалы, Сырдария өзеніне келетін болсақ, жылына кемінде екі рет су үлестіру комиссиясының отырысы өтеді. Вегетация кезеңінде және вегетацияаралық кезеңде режим бекітіледі. Оның ішінде Шардара су қоймасына келетін судың көлемі де бекітіледі. Айтатын болсам, 5 сәуірде кезекті отырыстың қорытындысына сәйкес, Сырдария су қоймасына су жіберу көлемі 3,7 млрд текше метр болып бекітілген, — деген жауап қатты Сәкен Әтел.
Айта кетсек, суару маусымы басталғалы ауыл шаруашылығының қажеттілігіне 8 млрд текше метрден астам су жіберілді.