СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семей қаласында 65 жастағы зейнеткер полицияға немересінің есірткіге әуес екенін айтып, шағымданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қалалық полиция басқармасы Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөліміне 65 жастағы зейнеткер жүгінген. Өз сөзінде ол 18 жастағы немересінің бөлмесінен есірткі тауып алғанын, оның денсаулығына алаңдайтынын жеткізді.
«Қарт кісі есірткіні бөлімшеге алып келген. Сараптама қорытындысына сәйкес, бұл жалпы салмағы - 1,92 грамм кептірілген марихуана екендігі белгілі болды», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 296-бабы 2-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.