Неміс энергетикалық технологиялары көрмесі ашылды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оны Германияның Алматыдағы Бас консулдығы Германияның Қазақстандағы жылы аясында ұйымдастырып отыр. Көрме технологиялық инновациялардағы жаңарған қуат көздеріне арналған. Шараның мақсаты халықты құлақтандырып, екі ел арасындағы технологиялық трансферлерге өзіндік үлес қосу.
«Бүгінгі ашылған көрме біздің елдің Қазақстанға арналған үлкен бағдарламасының бір бөлшегі болып табылады. Бізге қаншама қуат көздері мәлім болса, бұл көрме солардың технологиялық мүмкіндіктері. Бұндай шаралар елдің технологиялық дамуына және Қазақстан мен Германияның өзара ықпалдастығына үлкен демеу береді деген сенімдемін», деді Германияның Алматыдағы Бас консулы Герольд Амелунг.
Көрмеге әр түрлі өнеркәсіп нысандары мен қуат көздерін үнемдеу туралы ақпарат беретін 26 стенд қойылған. Онда әлемдік маңызы артып отырған жел мен судың, күннің қуатына баса назар аударылған.Көрме шілденің 8-іне дейін жалғасады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара Қазақстанның басқа да қалаларында жалғасады деп жоспарланған.