Полицейлер, спортшының өзін өлімге қиғанына күмән келтірмей отыр.
32 жастағы Энке Ганновердің солтүстік-батысындағы теміржол тармағында ауыр жарақат алды. Ол Нордайхтан Ганноверге бара жатқан пойыздың астына түсіп, оқиға болған жерде көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС телекомпаниясына сілтеме жасап.
«Роберт Энкенің қазасы туралы хабар неміс құрамасы үшін естен тандырарлық жаңалық болды», делінген Германияның Футбол одағының (DFB) ресми мәлімдемесінде.
Энке Германия құрамасының құрамында алаңға сегіз рет шықты, ол сондай-ақ 2004 жылы неміс Бундеслигасына «Ганновердің» құрамына оралғанша, «Карл Цейсс Йена», «Боруссия», «Бенфика», «Барселона», «Фенербахче» және «Тенерифе» командалары үшін ойнады.
Энке халықаралық деңгейге алғаш рет 29 жасында шықты және 2008 жылғы Еуропа чемпионаты аяқталғаннан кейін құрамадан кеткен Йенс Леманның орнына келіп, неміс құрамасының бірінші қақпашысы атанған еді.