Неміс мотошабандозы Алматыдағы жарыстан кейін ауруханаға түсіп қалды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда «Медеу» тау шатқалында мұздағы мотожарыстан өткен спидвей бойынша жеке әлем чемпонатының ақтық кезеңі аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлем біріншілігінің алматылық кезеңіне Қазақстан, Ресей Австрия, Германия, Нидерланд, Швеция, Чехия мен Австриядан 18 «мұз гладиаторы» қатысқан.


Австрия, Швеция, Нидерланд пен Германиядан келген мотошабандоздар тартысты ойын көрсетті. Фавориттер неміс шабандозы Йохан Вебер мен швед Мартин Хаарахилтунен, сондай-ақ әкелі-балалы Никлас пен Стефан Свенссондар арасында ашық бәсеке болды.

Неміс мотошабандозы Джохан Вебердің мұзды айналма жолдың бұрылысында австриялық Франц Цорнмен соқтығысып, құлауы «Медеудің» мұңды көрінісіне айналды. Неміс гладиаторын бірден жедел жәрдем көлігі алып кетті.


Жарыстың жақсы дәстүрлерінің бірі - жанкүйерлерге ұмытылмас эмоция сыйлау. Көрермендер райдердің батылдығына қол шапалақтап, құрмет көрсетті. Қазіргі уақытта шабандоз алматылық емханалардың бірінде дәрігерлердің бақылауында.

20-айналымда мотоциклшілер екі рет құлады. Алдымен бұрылыстан шығарда мотоциклді игере алмай, Швецияның мотошабандозы Ове Ледштрем құлап кетті. Екінші жарыста голландиялық Джаспер Ивеменің жолы болмады - ол мұзды трассаның бұрылысында лайықты жылдамдықпен келе жатып, мотоциклімен сальто жасап, бөгейтін төсеніштерге ұшып кетті.

Қуанышқа орай, екеуі де ауыр жарақат алған жоқ. Джаспер тіпті қорытынды баспасөз конференциясына қатысып, өзінің құлағанын әзілмен жеткізді.

Жарыста ресейлік мотошабандоз Даниил Иванов екі күндік жарыста жеңіске жетсе, екінші орынға оның отандасы Дмитрий Хомицевич шықты. Үштікті ресейлік Дмитрий Колтаков түйіндеді.


Қазақстандық райдерлер Владимир Чеблоков, Павел Некрассов және Сергей Серов алғашқы күннің жарыстары негізінде жақсы нәтиже көрсете алмай, финалға жетпей, жарыс жолынан шығып қалды.

ҚР автомотоспорт федерациясының президенті Марат Әбіқаев бұл жарыстың Қазақстанда әрі қарай да жалғасатынына сенім білдірді.

«Біз келер жылы елімізде спидвей бойынша жеке әлем чемпонатының ақтық кезеңін өткізу туралы келісімге қол жеткіздік. Жарысты өткізу үшін 3 нысан таңдалып жатыр, олар - «Медеу» мұз айдыны, Алматыдағы «Сокол» тасжолы, сонымен қатар астанамыз Нұр-Сұлтанда да жарыс өткізу мүмкіндігі бар», - деп атап өтті қорытынды баспасөз конференциясында Марат Әбіқаев.

Айта кетейік, 2020 жылғы спидвей бойынша жеке әлем чемпионаты бес финалдық кезеңнен тұрады. Бірінші финалды өткізу Қазақстанға бұйырды, екіншісі - Ресейдің Тольятти, үшіншісі - ресейлік Шадринск қаласында өтеді. Чемпионат Германия мен Нидерландта аяқталады. Чемпионаттың командалық финалы Германия астанасы Берлинде болады.