Немістермен экономикамызды ықпалдастырудан ұтарымыз көп

ong>АСТАНА. Шілденің 19-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Дағдарысты табысты еңсеріп келе жатқан Қазақстан мен Германия келешекте екі жақты экономикалық ынтымақтастықты қарқындатуға күш салады. Германия Канцлері Ангела Меркельдің кеше Астанаға жасаған алғашқы ресми сапарының нәтижесінде осындай уағдаластық жасалды.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Ангела Меркель алдымен қазақ-неміс бизнес форумына қатысты, содан кейін Ақордада шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді. Олардың барысында экономиканың негізгі салаларында бірлескен өндірістерді құру және технологияларды трансферттеу арқылы екі ел арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға баса мән берілді. Келіссөздердің нәтижесінде Қазақстан мен Германия 9 үкіметаралық құжатқа, сондай-ақ жалпы құны - 2 млрд. еуродан асатын 34 коммерциялық келісімдерге қол қойды. Ал, жалпы бизнес форумға екі жақтан 300-ге жуық компаниялар қатысты. Форумға Германия тарапынан - Siemens AG, Linde AG, Metro Cash & Carry, CLAAS, Lemken, Funke Gruppe, Rail.One AG, Elpro GmbH, Encon Technologies, DKS GmbH, Knauf тәрізді танымал компаниялардың, ал Қазақстан тарапынан мемлекеттік органдар мен ведомстволардың, «Самұрық-Қазына» АҚ, «Қазақстан даму банкі» АҚ, «ҚазМұнайГаз» АҚ, «Қазақстан темір жолы» АҚ «Қазатомөнеркәсіп» АҚ өкілдерінің және экономиканың негізгі салаларында жұмыс істейтін жетекші кәсіпорындар өкілдерінің атсалысқанын бір қайырып қойсақ, бұдан екі елдің келешекте экономикалық қарым-қатынастарды мүлдем жаңа деңгейге көтеріп, өзара ықпалдасуға аса құлықты екенін аңғарамыз.

Жалпы қарапайым логикаға салып қарағанда да экономиканы әртараптандыру ісінде Қазақстанның Германиядан үйренетін дүниелері жеткілікті. Себебі, бұл мемлекеттің экономикасы ауқымы жағынан дүние жүзінде - 4-ші, ал Еуропада 1-ші орын алады. Табиғи байлығының қоры аз және шикізат ресурстарға арқа сүйемейтін Германия дүние жүзіне негізінен озық технологияларымен мәшһүр. Бір сөзбен айтқанда, Германия бүгінде әлемдегі ең дамыған мемлекеттердің бірі және еуропалық экономиканың сөзсіз көшбасшысы болып табылады. Ал, табиғи байлықтан кенде емес, инвестициялық мүмкіндігі ауқымды әрі экономикалық әлеуеті зор Қазақстан үшін индустрияландыру бағдарламасын бастап жатқан қазіргі уақытта, бұндай мемлекетпен өзара инвестициялық байланыстарды тереңдете түсу аса қажет. Бұны Қазақстан басшылығы да жіті ұғынып отыр. Бұған қазақ-неміс бизнес форумында Н. Назарбаевтың ­Германия іскер топтарының өкілдерін Қазақстанның 2015 жылға дейінгі жаңа индустрияландыру бағдарламасы аясында инновациялық жобаларды іске асыруға қатысуға шақырғанында көзіміз жете түсті. Жалпы Қазақстанның индустрияландыру бағдарламасы әлемдегі басқа да елдер сияқты Германияға да зор мүмкіндіктер ашып отырғаны анық. Айталық, аталмыш бағдарламаға сәйкес, Қазақстан 2015 жылға қарай Ішкі жалпы өнімінің көлемін 2008 жылғы ІЖӨ-ге қарағанда 50 пайызға ұлғайтуды, ал шикізаттық емес экспорттың жиынтық шығарылымын экспорттың жалпы көлемінің 40 пайызына дейін жеткізуді, бұдан бөлек инновациялық тұрғыдан белсенді кәсіпорындардың үлесін қазіргі жұмыс істеп жатқан кәсіпорындардың 10 пайызына жеткізуді көздеп отыр. Ал, жалпы бағдарламаны іске асыруға 50 млрд. доллардан астам қаржы қажет. Индустрияландыру бағдарламасының шеңберінде экономиканың негізгі салалары - мұнай-газ секторын, кен-металлургия кешенін, атом және химия өнеркәсібін, машина құрылысын, құрылыс индустриясын, фармацевтиканы, агроөнеркәсіп кешенін, жеңіл өнеркәсіпті, туризмді, сондай-ақ «келешектік экономикасы» саналатын ақпараттық және телекоммуникация, биотехнология, баламалы энергетика, ғарыш қызметі секторларын дамытуға басымдық берілмек. Ал, Германияда шығарылатын озық технологиялар бұл салалардың қай-қайсысына болмасын аса қажет. Олай болса бұл бағдарламаны бірлесіп іске асыру екі елге қай жағынан алып қарасақ та тиімді. Оның үстіне немістердің экономиканы басқарудағы және әртараптандырудағы тәжірибесінің озығын қажетімізге жаратып, пайдамызға асырып жатсақ ұтарымыз көп болмақ. Бұған қоса биылдан бастап еліміздің Ресей және Беларуспен Кедендік одаққа кіруіне байланысты Қазақстанда Германия үшін тағы да жаңа мүмкіндіктер мен перспективалар ашылып отыр. Себебі бұл нарықта 170 млн. тұтынушы бар. Кедендік одақтың ішкі жалпы өніміның жиынтық сомасы - 1,8 триллион долларды құрайды. Бұл одақ аясында Қазақстан келешекте алдына металлургия, мұнай өңдеу және химия өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешені, машина жасау, құрылыс индустриясы, сондай-ақ көлік және телекоммуникация инфрақұрылымы тәрізді экономиканың басым салаларында қосылған құны жоғары өнімдер шығаратын кәсіпорындар құру міндетін қойып отыр. Бұл салалардағы жобаларды немістер қазақтармен бірге игеріп жатса, Кедендік одақтың ауқымды нарығына етене кірігуге мүмкіндік алады. Ал, басы артық рынок бәсекеге қабілетті қайсы елдің экономикасы үшін де пайдалы екені айтпаса да түсінікті.

Міне, қарап отырсақ Қазақстан мен Германияда экономикалық ынтымақтастықты қарқынды дамытуға жан-жақты мүмкіндіктер бар. Себебі, Германия Қазақстанның қарт құрлықтағы маңызды сауда-экономикалық әріптестерінің бірі болып табылады. Екі ел арасындағы өзара тауар айналымының көлемі дағдарысқа дейінгі кезеңде 6 млрд. доллардан асып жығылса, әлемдік экономиканың іргесін шайқалтқан дағдарыс кезінде біршама төмендеді. Ендігі міндет - дағдарыстың ықпалынан жоғалтқан дүниелерді қалпына келтіріп, келешекте алыс-берістің көлемін арттыру қажет. Ақордада өткен келіссөздерден кейінгі баспасөз мәслихатында Н. Назарбаев Қазақстан мен Германия таяу жылдарда екіжақты тауар айналымның көлемін 10 млрд. долларға дейін жеткізуді жоспарлайтынын атап көрсетті. ««Өткен жылы екі елдің арасындағы сауда-саттық көлемі 3 млрд. долларға жетті. Биыл бірінші жартыжылдықта 1,5 млрд. долларды құрады. Біз алдымызға таяу жылдарда екіжақты тауар айналымының көлемін 10 млрд. долларға дейін жеткізу міндетін қойып отырмыз. Бұған өте жақсы негіз бар», - Президент. Қазіргі таңда Қазақстанда 700-ге жуық бірлескен қазақ-неміс кәсіпорыны жұмыс істеп жатқанын, сонымен қатар кешегі келіссөздердің барысында салмақты келісімдерге қол қойылғанын ескерсек, бұл міндетті орындауға екі елдің де әлеуеті жететінін байқаймыз. Оның үстіне межеленген бұл міндетті бағындыруға, яғни сауда-экономикалық қарым-қатынастарды тиімді үйлестіруге Стратегиялық әріптестік жөніндегі қазақстандық-германдық іскерлік кеңесі бел шеше кірісетін болады. Бұл органды құруға кешегі жоғары деңгейдегі келіссөздер кезінде қол жеткізілді. Неміс тарапынан Кеңесте Германия кәсіпкерлерінің шығыстық-орталық-еуропалық бірлестігі (OMV), Германия экономикасының шығыс комитеті (ВКГЭ) сынды ұйымдар және Германия экономикасының Орталық Азиядағы өкілдігі мен Қазақстанның неміс экономикалық клубы өкілдік етпек.

Осы тұста айта кететіні, жалпы Қазақстан ғана емес Германия да біздің елмен барлық салалардағы байланыстарын жаңа деңгейге көтеруге ниетті. Бұған Германия Канцлері А. Меркельдің баспасөз мәслихатындағы сөзі айқын дәлел. Онда Қазақстан мен Германияның экономикалық ынтымақтастығының келешегін жоғары бағалаған Меркель ханым: «Германия Қазақстанның индустриялық-инновациялық бағдарламасы аясында іске асырылатын жобаларға қатысуға құлықты», деді. Оның пікірінше, Қазақстан Орталық Азиядағы экономикалық орталық болып табылады және Германияның өңірдегі ең басты серіктесі. Германияның Орталық Азиядағы сауда-саттығының 90 пайызы және осы өңірге экспортының 75 пайызы Қазақстанның үлесіне тиеді. Сонымен қатар, А. Меркель Германия Қазақстанның ДСҰ-ға мейлінше тезірек мүше болуын қалайтынын және ағымдағы жылдың соңында Астанада ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет басшыларының саммитін өткізу жөніндегі Қазақстанның бастамасын қолдайтынын әрі саммитке қатысуға құлықты екенін айрықша атап өтті.

Жалпы, А. Меркельдің ресми сапары Астана мен Берлиннің барлық салаларда қарым-қатынастарды мүлдем жаңа деңгейге көтеруді қалайтындарын анық көрсетті. Бұған жоғарыда айтып өткеніміздей екі елдің арасында 9 үкіметаралық құжатқа, сондай-ақ жалпы құны - 2 млрд. еуродан асатын 34 коммерциялық келісімдерге қол қойылғаны, сөйтіп сапар нәтижесінің табысты болғаны айқын дәлел. Н. Назарбаев та А. Меркель сапарының нәтижесіне көңілі толатынын айтты. «Мен сапар өте табысты болды деп санаймын. Келіссөздер біздің қарым-қатынастарымыздың ашықтығын, транспарентілігін, біздердің елдер арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени ынтымақтастықты тереңдетуді қалайтынымызды айқын көрсетті. Жемісті өткен келіссөздердің нәтижесінде Қазақстан-Германия ынтымақтастығының дамуына үлкен жол ашылды», деді Елбасы баспасөз мәслихатында.

Ал, жалпы келіссөздердің барысында Қазақстан мен Германия арасындағы келісілген дүниелерді дөңгелетіп әкету үшін екі елдің үкіметтеріне экономикаларды өзара ықпалдастыру үшін жұмысты жаңа қырынан жандандыру міндеті қойылды. Бұдан бөлек 2011 жылға дейінгі Қазақстан мен Германия арасындағы инновациялық-инвестициялық әріптестік жөніндегі бағдарламаны 2014 жылға дейін ұзарту жайы қарастырылды. Қалай десек те, А. Меркельдікң Қазақстанға тұңғыш ресми сапары екі елдің іскер топтары үшін жаңа көжиектерді ашып берді. Ең алдымен Меркель ханымның жеке өзі және германиялық кәсіпкерлер Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында іске асырған ең ауқымды жобасы - Астананың құрылысымен танысып, Еуразияның қақ ортасындағы жас елорданың сән-салтанатын өз көздерімен көрді. Орталық Азияның барысына айналып келе жатқан Қазақстанның саяси һәм экономикалық әлеуетіне қанық болды және бұдан көңілдеріне көп ойлар түйгені шындық. Еуропа құрлығында шикізаттық ресурстарға деген сұраныстың жыл сайын артып келе жатқанын ескерсек, Германия үшін энергетикалық қоры мол Қазақстанмен келешекте экономикалық та, инвестициялық та ынтымақтастықты тереңдету пайдалы болмақ. Қазақстан үшін де әлемге озық технологияларымен танымал неміс елімен өмірдің қай саласында болмасын байланыстарды баянды ету, әсіресе, экономикасын ықпалдастыру қашан да тиімді.