Неміс қаржы банкі 2026 жылы криптовалютаны сақтау сервисін іске қоспақ
АСТАНА. KAZINFORM – Неміс қаржы алыбы — Deutsche Bank 2026 жылы өз криптоактивтерді сақтау сервисін іске қосуды жоспарлап отыр, деп жазды AZƏRTAC.
Bloomberg агенттігінің мәліметіне сай, бұл бастаманы жүзеге асыруға криптобиржа Bitpanda-ның технологиялық бөлімшесі — Bitpanda Technology Solutions қатысып жатыр. Сонымен қатар банк цифрлық активтермен жұмыс істеуге маманданған Швейцариялық Taurus SA компаниясымен ынтымақтастықты жалғастырады.
Bloomberg-тің хабарлауынша, Deutsche Bank цифрлық активтерді сақтау саласына қызығушылығын алғаш рет 2022 жылы білдірген. Сол уақыттан бері банк криптовалюталарды өз қаржылық қызметтеріне біріктіру мүмкіндіктерін белсенді зерттеп келеді.
Банк сонымен қатар токенизацияланған депозиттерді пайдалану сценарийлерін, стейблкоиндерді қолдану, өзіне тиесілі токен шығару, не болмаса салааралық бастамаларға қосылу мүмкіндіктерін қарастырып жатыр, делінген хабарламада.
Айта кетейік, 2024 жылдың соңында Deutsche Bank банктердің жария блокчейндермен өзара әрекеттесуінде кездесетін реттеуші кедергілерді еңсеруге бағытталған пилоттық жобаны іске қосқан болатын.
Еске сала кетейік, бұған дейін Франция, Испания және Ұлыбританияны шарпыған аптап ыстық Германияға жеткенін жазған едік. Синоптиктердің болжамынша, шілденің 2-сі күні температура шарықтау шегіне жетіп, Германияның оңтүстігінде 40°C шамасында, ал елдің басқа өңірлерінде 35°C және одан жоғары болады деп болжанған.