Немістердің жартысына жуығы жұмысын ауыстыруды ойлап жүр
АСТАНА. KAZINFORM – Statista жүргізген сауалнама нәтижесіне сәйкес, қызметкерлердің 44%-ы алдағы бір жыл ішінде жұмыстан кету мүмкіндігін қарастырып жүр. 18 бен 24 жас аралығындағы респонденттер арасында бұл көрсеткіш 54%-ға жеткен, деп хабарлайды DW.
Негізгі наразылық себебі шамадан тыс жұмыс жүктемесі. Сауалнамаға қатысқандардың 43%-ы аптасына бірнеше рет артық жұмыс істейтінін мойындаса, 12%-дан астамы күн сайын қосымша жұмыс істейтінін айтқан. Қатысушылардың 63%-ы тез шаршайтынын, 58%-ы жеке өмірінде қиындықтар пайда болғанын, 56%-ы жиі эмоционалды күйзеліске ұшырайтынын хабарлаған. Қызметкерлердің үштен бірінен астамы ұйқысының нашарлағанын атап өткен.
Кейбірі уақытша амалдар іздейді: жұмыс орнында шамадан тыс жүктемені талқылау, жоспардан тыс демалыс немесе еңбекке жарамсыздық парағын алу, тіпті белсенді жұмыс істеп жатқандай түр көрсету. Дегенмен, көпшілігі үшін жалғыз нақты шешім жұмыстан кету болып отыр.
Сонымен қатар Германия тұрғындары жан басына шаққандағы жұмыс сағатының рекордын орнатқан. Висбадендегі Федералдық демографиялық зерттеулер институтының дерегінше, 20 мен 64 жас аралығындағы әрбір Германия тұрғыны аптасына орта есеппен 29 сағат жұмыс істейді. Бұл – елдің қайта бірігуінен бергі ең жоғары көрсеткіш. Есепке жұмыссыздар да, яғни нөлдік сағат көрсеткендер де енгізілген.
Айта кетелік Германияда жұмыссыздар саны үш миллионнан асты.